Бүгін жыр алыбы Жамбылдың туғанына 175 жыл толды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін жыр алыбы Жамбылдың (1846-1945) туғанына 175 жыл толды. Осы орайда Қазақстанда ақынның мерейтойын жаппай мерекелеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, Қазақстан Президенті мерейтойлық іс-шаралардың жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейін қамтамасыз ету үшін «Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» арнайы Жарлық қабылдағаны белгілі.

Жақында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Талқылау қорытындысы бойынша мемлекеттік комиссия мерейтойлық іс-шаралардың жалпыреспубликалық жоспарын мақұлдады және бекітті. Мерейтойлық жыл ішінде республика бойынша 500-ге жуық әлеуметтік, имидждік, ғылыми, танымдық іс-шаралар өткізіледі. Бұдан бөлек, ақын өмірінен деректі фильм түсіру, өлеңдерінің жаңа жинақтарын шығару, айтыстар мен әдеби конкурстарды, кітап көрмелерін ұйымдастыру, мерейтойлық монета, пошта маркасын әзірлеу және басқа да шаралар өткізу көзделіп отыр.

Мемлекеттік хатшы Үкіметке жалпыреспубликалық жоспардың сапалы орындалуын және мерейтойлық іс-шаралардың ақпараттық тұрғыдан жан-жақты сүйемелденуін қамтамасыз етуді тапсырды. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдеріне Жамбыл Жабаевтың мерейтойын мерекелеу жөніндегі өңірлік жоспарларды әзірлеп, бекітуді және олардың орындалуын қадағалауды міндеттеді.

Бірнеше күннен бері еліміздегі және шет елдердегі қалалар мен елді мекендерде Жамбыл Жабаевтың ескерткіштері мен бюсттеріне гүл шоқтары қойылды, әрқилы мәдени шаралар өткізілді.

Айта кетейік, осы аптада Украина астанасы Киевте қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында поэзия оқулары өтті.

Іс-шараға қатысушылар Ж.Жабаевтың қазақ, украин және орыс тілдеріндегі өлеңдерін жатқа оқып, өмірбаянын айтып берді.

26 ақпан күні елордада Ж. Тәшенов және Амман көшелерінің қиылысында Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті.

Сонымен қатар Тараз қаласындағы «Баласағұн» концерт залында өткен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық айтыс мәресіне жетті.

Ғасыр жасаған Жамбыл бабамыз бен еліміздің бірқатар тұлғаларын, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын жырына арқау еткен ақындар жақсы айтыс жасай білді.

Осы аптада елордада ақынның 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар ұйымдастырылды.

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрындағы мерейтойлық жылдың салтанатты ашылуына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, мәдениет және ғылым қайраткерлері, Алматы және Жамбыл облыстарының делегациялары келді.

«Жамбылдың биылғы мерейтойында айтулы ақынның өмірі мен шығармашылығын жалпы ұлт мақтанышы ретінде ғана қарастырмай, жас ұрпақтың тарихи танымын кеңейтіп, отансүйгіштікке тәрибелеудің ықпалды құралына айналдыру межеленіп отыр», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Мерекелік концертте Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының симфониялық оркестрінің артистері көрермендерге «Жыр алыбы - Жамбыл» атты театрландырылған қойылымын ұсынды. Ұлы ақынның баға жетпес мұрасын, өзіндік ерекшелігі мен дарынын ашып көрсететін әдеби-музыкалық композицияда оның атақты айтыстары мен әйгілі «Кең байтақ Қазақстаным», «Ақындарға арнау», «Күләшқа», «Ленинградтық өренім!» және т.б. шығармалары оқылды.

Жабаев Жамбыл жасынан өлең-жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, «Менің пірім - Сүйінбай...» деп Жамбылдың өзі жырға қосқандай, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алған.

Ұлы жырау қазақ халқын, оның поэзиясын бүкіл әлемге жария етті. 1938 жылы Жамбылдың шығармашылық өнерінің 75 жылдығын тойлағанда, оған әлемнің әр түкпірінен құттықтаулар келді. Ромен Роллан, Мартин Андерсен, Нексе, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. 20-ғасырдағы халық ақындарына Жамбылдың әсері өте зор болды.

Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше аудандарға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына, мектептерге, көшелерге берілген. Қазақ халқы Жамбылдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық, 160 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті. Жалпы, ақынның шығармалары дүниежүзінде қырықтан астам тілге аударылған. Елімізде Жамбыл ақынның 170 жылдығына арналған түрлі шаралар ұйымдастырылды.


Соңғы жаңалықтар