Бүгін – жыл басы Наурыз мейрамы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наурыз - көктем мейрамы және Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Ол бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Көне парсы тілінде «наурыз» жаңа айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды соғдалықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған.

2001 жылы Наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланды. Ал 2010 жылдан бері үш күн - 21-23 наурыз аралығында тойланып келеді. Биыл 21, 22 наурыз сенбі, жексенбіге сәйкес келіп тұрғандықтан, 24, 25 наурыз күндері де демалыс болып саналады.

Мейрам күндері наурыз көже дайындалады, қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерi осы күнi асылады. Соғымға сойылған малдың басы немесе шекесі қосылып, қазы-қарта, жал-жая қазанға түседі. Ет сорпасына көже қайнатады.

Сондай-ақ бұл күні көңілінде кірбіңі барлар татуласады, бұлақ көзін ашады, алдын ала үйін, ауласын кір-қоқыстан тазартады.

Бұл мерекені «жыл басы» деп танығанымен, оның барша болмысын, философиясын жыл алмасумен шектемейді. Осы күндері дүниеге келген сәбилерге Наурызбай, Наурызгүл сынды есімдер беріледі. Жер иесі - Қыдыр ата елді, үйді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген сенім-наным және бар.

Ұлыстың ұлы күнінде «ҚазАқпарат» ХАА ұжымы барша қазақстандықтарға құт-береке тілейді. Жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Әз Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыс әкелсін. Ел аман болып, арайлап атқан әрбір таң шат көңіл, бақыт және береке сыйласын. Ақ мол, жыл ырысты болсын!

Айта кетейік, коронавирус індетінің таралуына қарсы елімізде қолға алынған шараларға байланысты мерекені отбасында атап өту ұсынылады.





Соңғы жаңалықтар