Бүгін - Ұлттық домбыра күні

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елімізде Ұлттық домбыра күні. Шілденің алғашқы жексенбісін ұлттық аспабымыздың төл мерекесіне айналдыру туралы шешім ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен былтыр қабылданған болатын.

Бұл Жарлық Ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыру мақсатында шығарылған еді.

Жалпы, Ұлттық домбыра күнінің мерекеге айналуы - көнеден жеткен асыл қазынамызға, ұлттық мұрамызға берілген лайықты баға. Былтыр Ұлттық домбыра күнін тұңғыш рет лайықты түрде атап өту үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ елі монументі алдында 3 мың күйші бірнеше күйді бір уақытта орындаған болатын.

Атаулы күн биыл да ерекше тойланады. Елордадағы Қазақ елі монументінің алдындағы алаң үлкен сахнаға айналып, домбырашылар бір мезетте күй шертеді. Шараға жас ерекшелігіне қарамастан ниет білдіргендердің барлығы қатыса алады. Олар «Сарыарқа», «Адай», «Әлқисса», «Көңіл толқыны», «Балбырауын» және «Көреғұлы» күйлерін жатқа білуге тиіс.

«Биыл Ұлттық Домбыра күніне орайластырылған жаппай концертте орындалатын алты күй таңдалды. Әрине, қатысушылардың алты күйді де білгені жөн. Дегенмен ұсынылған композициялардың біреуін ғана білетіндер де концертке үлес қоса алады», - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет және спорт басқармасынан.

7 шілдеде мереке барысында күмбірлеген күйден басқа, жиналғандар назарына «Жастар» театрының актерлері тарихи қойылым ұсынады, елордалық музыка мектептерінің шәкірттері өз өнерін ортаға салады, ақындар айтысы өтеді. Суырып салма өлеңге ысылған жандар ұлттық аспабымыз - домбыраны жырға қосады.

Сонымен қатар, Қазақ елі монументінің алдындағы алаңда киіз үйлер тігіліп, қазақ ауылы жайғасады. Келушілер домбыраның және басқа да ұлттық аспаптардың түр-түрімен таныса алады.

Одан бөлек, Есіл өзенінің жағасындағы Амфитеатрда «Нағыз қазақ - домбыра» концерті өтеді. Сахна төрінде Қазақ оркестрі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының солистері мен вокалистері өнер көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар