Бүгін Шәмші Қалдаяқовтың туғанына – 90 жыл: Композитор туралы ұлы сыр шертті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 15 тамызда аты аңызға айналған сазгер, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толады. Оның ұлы Мұхтар Қалдаяқов «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне халық әртісінің өмірі мен отбасылық құндылықтары туралы айтып берді.

Болашақ халық композиторы 1930 жылы 15 тамызда елдің оңтүстігіндегі шағын ауылда дүниеге келді. Оның әкесі зергер, темір ұстасы болған. Десек те, өнерден де құры қол емес еді. Қазақтың қобызы мен домбырасын құйқылжыта тартатын сері адам. Анасы да ән салатын. Шәмші бала кезінен өнерге бейім болды. Кішкентайынан мандолинада ойнап, алғашқы әндерін жаза бастады.

«Әкем Тимур совхозында, қазіргі Түркістан облысының Шәмші ауылында дүниеге келді. Ол әрдайым: «Мен атақты қолбасшы, батыр ақсақ Темір қайтыс болған жерде тудым», - деп айтып отыратын. Ол дүниеге келгенде атын Жәмшид деп қойған. Кейін Шәмші болып кетті. Атамның шын есімі Әнәпия. Аяғында туа біткен үлкен қал болған. Сондықтан Қалдыаяқ болып кетті. Бүгінде оның лақап аты аңызға айналды ғой»,– дейді Мұхтар Қалдаяқов.

Шәмші Қалдаяқовтың балғын балалық шағы қиын-қыстау кезеңге тұспа-тұс келді. Екінші дүниежүзілік соғыста 15 жастағы бозбала тракторшы болып жұмыс істеді. Кейін техникалық училищеде ветеринар мамандығы бойынша оқыды. Содан кейін Ақтөбе облысына қарасты бір ауылда еңбек етті.

«Әкем Ақтөбе облысында жұмыс істеп жүргенде халықтың жағдайы өте нашар болған. Соғыстан кейінгі жылдар, жейтін тамақ жоқ. Бұған бейжай қарай алмаған әкем үкіметтің бір отар қойының жартысын халыққа таратып берді. Әрине, бір шартпен. Қой төлдегенде қайтып орнына қою керек. Сөйтіп, ауылдағы көптеген адамды аштықтан құтқарып қалды. Осы ісі үшін ол түрмеге қамала жаздады. Бірақ ауыл тұрғындары оған жол бермей, әскерге кетуге кеңес береді», - дейді композитордың ұлы.

Шәмші Қалдаяқов Ресейде шамамен 7 жыл қызмет етіп, кіші лейтенант атағын алады.1955 жылы Ташкент қаласындағы Хамза Ниязи атындағы музыка училищесіне түседі. Бірақ оны бітірмей, Алматыға көшіп келеді. Содан соң Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі.

Мұхтар Қалдаяқовтың айтуынша, әкесі Ресейде өмір сүрген жылдары орыс музыкасын бойына сіңірген. Сондықтан оның көптеген шығармаларында қазақ және орыс музыкасының өзіндік синтезі бар.

«Әкем Ташкенттегі музыкалық училищеде оқып жүргенде, бір соқыр музыкантпен танысыпты. Дәл сол кісінің қолдауымен оның музыкаға деген құштарлығы артып, ән әлеміне енген», – дейді Мұхтар.

Шәмші Қалдаяқов – қайталанбас музыкасымен, қарапайымдылығымен, адами қасиеттерімен халықының ыстық ықыласына бөленіп, жүректерінің төрінен орын алған жан.

«Әкем қазақтың табиғатына жақын әндерді жазғандықтан халық жүрегінен орын алды. Ол – өте мейірімді, ақкөңіл болатын. Айналасындағы адамдарға үнемі қол ұшын беруге асықты. Үйге қонақ шақырғанды жақсы көретін. Бір сөзбен айтқанда, кеңпейіл жан еді. Қыста ешқайда шықпайтын, үйде отыратын. Ал көктем шыға салысымен, туған-туыс, достарын аралап кететін», - деп еске алады ұлы.

Сұхбат барысында Мұхтар Қалдаяқов әкесі бір кездері сығандар тобына еріп, Изольдаға өлердей ғашық болған деген алып-қашпа әңгімеге тоқталды. «Бұл –театрда сахналанған «Сыған серенадасы» драмалық шығармасының сюжеті. Ондағы басты кейіпкердің аты – Шәмші. Алайда, шынайы өмірде олай болған жоқ», - деп сендірді композитордың ұлы.

«Анамның айтуынша, әкем екеуі саябақта серуендеп жүрген. Бір кезде әкем бір сығанды көріп қалып соған бал аштыруға бел буған. Соңында әкемнің болашағын болжаған сығандардың көрсеткен қызметі үшін ақшаны анам төлеген екен. Содан кейін, бәрі өз жолымен кеткен көрінеді. Әкем сығандар тобына ермеген, ешқандай сыған қызына ғашық болған жоқ. Бұл, ойдан құрастырылған әңгіме»,– дейді Мұхтар Қалдаяқов.

Оның сөзінше, Ш. Қалдаяқов отбасының шырқын бұзған адам емес. Отбасылық өмірі жақсы болған. Жұбайымен Алматыда ортақ таныстарының туған күн кешінде танысқан.

«Анам ол кезде 24 жаста болатын. Ол тігін ательесінде жұмыс істеді. Ал әкем консерваторияда оқып жүрген. Анам отбасының бақытын, тыныштығын бірінші орынға қоятын жан. Ол әкемнің шығармашылығына құрметпен қарады. Сондықтан әрдайым отбасындағы музыка мәдениетін қолдады. Екі ұлы мен немересі әке жолын таңдады. Менің ағам – Әбілқасым пианист, мен скрипкашы болдым. Әбілқасымның жары мен қызы да пианинода ойнайды. Жиенім екі халықаралық байқаудың жүлдегері атанды. Бүгінде мен Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижерімін. Әйелім бизнеспен айналысады. Үш баламның екеуі музыка мектебінде оқиды», - деді ол.

Бүгінде Шәмшіні де, оның әндерін де елеусіз қалдырған ешкім жоқ. Ол халқының жүрегінде мәңгі тірі. Соның құрметіне 1992 жылдан бастап сазгерлер мен әншілер үшін Қалдаяқов атындағы халықаралық фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.

«2010 жылы ән жинағын шығардық. Оған 55 ән енгізілді. Көзі тірісінде әкем «Жақсы композитор болу үшін көп ән білу керек» деп айтып отыратын. Бірақ, ешқашан жоғары атақ пен марапатқа ұмтылған емес. Композиторлар одағына мүше бола алмады. Себебі, қолында консерваторияның дипломы жоқ еді. Қазақстанның халық әртісі атағын қайтыс боларының алдында, екі ай бұрын алды»,– дейді Мұхтар Қалдаяқов.

Халық сазгер әндерінің барлығын да сүйсіне тыңдайды. Шәмші аға, анадан бастап, отан, табиғатқа дейін ән арнап, қазақ музыка өнерінің мұрағатын байытты.

Естеріңізге сала кетейік, композитордың 90 жылдық мерейтойына орай Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында «Шәмші әлемі» атты үлкен концерт өткізу жоспарланған болатын. Коронавирус пандемиясына байланысты мәдени іс-шара кейінге шегерілді.


Соңғы жаңалықтар