Бүгін Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қатынасқа 30 жыл толды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстан мен Моңғолияның арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толды. Осыған орай ҚазАқпарат Қазақстанның Моңғолиядағы төтенше және өкілетті елшісі Жалғас Әділбаевпен аз-кем сұхбат құрды.

- 22 қаңтарда Қазақстан мен Моңғолия арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды. Осы 30 жылда екі ел өзара қарым-қатынаста қандай жетістіктерге жетті?

- 1992 жылы 22 қаңтарда дипломатиялық қатынас орнады. 1997 жылы мамыр айында Ұлан-Батырда Қазақстан Республикасының Дипломатиялық миссиясы ашылды. 2007 жылы қаңтарда Дипломатиялық миссия ҚР Елшілігіне айналды.

1992 жылы қыркүйекте Алматы қаласында Моңғолияның Елшілігі ашылды. Моңғолияның Президенті Н.Багабандидің 1998 жылы Қазақстанға сапары және ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 1999 жылы Моңғолияға сапары екіжақты қарым-қатынасқға тың серпіліс берді.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2006 жылы ҚР Сыртқы істер министрі ретінде және 2013 жылы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары ретінде («Жаңа демократия» халықаралық конференциясына қатысу үшін) Моңғолияға екі рет сапармен келді.

1991 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін екі елдің арасында 40-тан астам халықаралық келісімдер мен шарттарға қол қойылды. 2019 жылы 10-12 қазанда Моңғолияның Премьер-министрі У.Хурэлсухтің Қазақстанға ресми сапары көлемі жағынан зор, мәні жағынан терең де мағыналы сапар болды.

Осы сапардың барысында Моңғолия Премьер-министрінің ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевпен кездесуі және ҚР Премьер-министрі А.Маминмен өткізген келіссөзде көп жылдардан бері қордаланып келген екіжақты қатынастардағы өзекті мәселелер шешіліп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты қамтыған көптеген салаларды бірлесіп алға жылжыту жөніндегі уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрі Б.Батцэцэгтің 2021 жылы 11-12 қазанда Нұр-Сұлтанда Азиядағы өзара іс-қимылдар және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) сыртқы істер министрлерінің кезекті мәжілісіне қатысуы, әсіресе 13-14 қазанда Қазақстанға тұңғыш ресми сапар жасауы екіжақты қатынастардың барлық бағыттарындағы өзара әрекеттестіктің жан-жақты дамуына ерекше сипат берді.

Осы сапардың барысында Моңғолияның сыртқы саяси ведомствосының басшысы ҚР Президенті Қ.Тоқаевпен, ҚР Премьер-министрі А.Маминмен және ҚР Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтановпен табысты кездесулер, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігінің басшылығымен ресми келіссөздер өткізіп, ҚР Сауда және интеграция министрлігі және Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, 2021-2024 жж. арналған ҚР СІМ және Моңғолияның СІМ арасындағы ынтымақтастық туралы жоспарға қол қойды.

Қазіргі таңда Қазақстан-Моңғолия сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия өз жұмысын жемісті атқарып жатыр. Осы мерзімде екіжақты ынтымақтастықтың осы жұмыс тетігінің 8 мәжілісі ойдағыдай өткізілді.

Биыл І тоқсанда Ұлан-Батырда екіжақты Үкіметаралық комиссияның 9-мәжілісін өткізу жөнінде тараптардың уағдаластығы бар. Мәдени-гуманитарлық салада 8 келісімге қол қойылды. Үкіметаралық келісімнің негізінде жыл сайын екі мемлекет студенттермен алмасып отырады.

- Болашақта екі ел арасындағы қарым-қатынас пен ынтымақтастықты қалай кеңейтуге болады?

- 2022 жылы Қазақстан Республикасы және Моңғолия арасындағы достық қатынас пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 29 жыл толады. Бүгінгі таңда екіжақты қатынастар бірқалыпты дамуда. Алайда, алдағы уақытта Қазақстан мен Моңғолияның мемлекетаралық қатынастары жаңа даму сатысына көтерілуі қажет.

Ол үшін тараптар ең жоғарғы деңгейдегі қатынастарды жандандыруы қажет. Мысалы, биыл ҚР Премьер-министрінің Моңғолияға ресми сапары пысықталып келеді. Екі елдің арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты жандандыру да қазіргі екіжақты қатынастардың күн тәртібінде тұр.

Сондай-ақ болашақта сауда-экономикалық қатынастарды дамыту мақсатында екі елдің өндірушілері тауарларының көрме-жәрмеңкелері, экономикалық форумдар Қазақстан мен Моңғолияда ұйымдастырылса өзара қарым-қатынасты нығайта түсетіні сөзсіз.

Мысалы, Қазақстанның тауар өндірушілерінің көрмесі, Сауда-экономикалық миссиясы секілді бизнес ісшараларын Ұлан-Батырда ұйымдастырудан көп үміт күтеміз.

Сонымен бірге, моңғол тарапын Азиядағы өзара іс-қимылдар және сенім шаралары кеңесіне және халықаралық құрылымның аясындағы басқа да бағыттарға белсенді қатысып, екі ел өзара бір-біріне қолдау көрсетуге шақырамыз.

Биылғы жылдың екінші жартысында Қазақстанда өткізілетін АӨСШК кезекті саммитіне Моңғолия басшылығы қатысады деп үміттенеміз.

2020 жылы 14 қазанда ҚР және Моңғолияның сыртқысаяси ведомстволарының жауапты департаменттері директорларының деңгейіндегі СІМаралық онлайн консультация өткізілді. Биыл осы үрдісті жалғастырып, екіжақты саяси қатынасты реттейтін осы іс-шараны екі мемлекеттің сыртқы саяси ведомстволардың басшылары орынбасарларының деңгейінде өткізуді ойластырудамыз.

Екі елдің арасында өзара туризмді дамытудың үлкен әлеуеті бар. Мысалы, 2021 ж. 13 қазанда Моңғолияның Сыртқы істер министрі Б.Батцэцэг ханымды қабылдаған кезде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев моңғол тарапымен туризм кластері бойынша тәжірибе алмасуға қызығушылық білдіріп, Қазақстан мен Моңғолияның аумақтарын қамтитын «Шыңғысханның ізімен» туристік бағытты әзірлеуді ұсынды.

Мемлекет басшысы осы тұрғыда екі халықтың ортақ тарихы мен бауырластығын атап өтіп, моңғол тарапын туризм саласында тығыз өзара әрекеттестікке шақырды.

Елшілік екі елдің өңірлері арасындағы ынтымақтастықты тереңдету бағытында біраз үлес қосты. Мысалы, Моңғолия Премьер-министрінің 2019 жылы 10-12 қазан кезеңінде Қазақстанға ресми сапары барысында қол қойылған Нұр-Сұлтан және Ұлан-Батыр қалаларының арасындағы бауырластық қатынастарды орнату туралы келісімнің негізінде Моңғолияның астанасында Нұр-Сұлтан атындағы көшені ашу, оны көгалдандыру, жасыл-желекке бөлеу, тротуарлар жасау, жарықтандыру жұмыстарын жүргізу келісілген.

Бұл жұмыстардың жүргізілуіне әзірше коронавирус пандемиясы кедергі келтіруде. Дегенмен, болашақта екі елдің елдордаларының әкімшіліктері бұл көшені ашуға барша күшін салады деп үміттенеміз.

Бұдан бөлек, Елшілік келешекте Талдықорған қаласы (Алматы обл.) мен Налаих ауданы (Ұлан-Батыр қаласы) арасындағы бауырластық қатынастарды орнату туралы меморандумның қол қойылуын қамтамасыз етуді жоспарлануда.

Биыл жүргізілетін жұмыстардың бірі ретінде Шығыс-Қазақстан облысы мен Ховд аймағы арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін меморандумның жобасын әзірлеу, «Өскемен-Өлгий» немесе «Өскемен-Ховд» бағытындағы өңірлік әуе қатынасын ашу мәселесін пысықтауды айтуға болады.

Осы орайды пайдаланып, моңғол кәсіпкерлерін биыл 13-14 шілдеде Қазақстанның астанасында және 28-29 шілдеде Қостанай қаласында өткізілетін «Jana Dala/Green Day 2022» Қазақстандық Дала күні» халықаралық мамандандырылған көрмелерге қатысуға шақырамын.

- Былтыр Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қаншалықты дамыды?

- 2021 жылы қаңтар-қарашада екіжақты тауар айналымы 50,7 млн долларға, оның ішінде экспорт 48,4 млн доллар, импорт 2,30 млн долларды құрады. Соңғы 2 жылда COVID-19 пандемияның салдарынан өзара саудада біршама құлдырау орын алды. Әрине, бұл екі елдің экономикалық әлеуетіне сәйкес келмейді. Моңғолияның сыртқы саудасында Қазақстан әлі де нетто-экспорттаушы мемлекет болып қалуда.

Екіжақты Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия әрекет етуде. Үкіметаралық комиссияның 8-мәжілісі 2020 жылы 25 қарашада онлайн өткізілді. Биыл І тоқсанда Ұлан-Батырда екіжақты Үкіметаралық комиссияның 9-мәжілісін өткізу жоспарланып отыр.

Қазақстандық «Symbat Engineering» мен Моңғолиияның «Эрдэнэс Алт ресурс» жауапкершілігі шектеулі компаниялары алтын мен күмісті қайта өңдеу бойынша аффинажды зауытты салу ісжобасын іске асыру мәселесін пысықтауды жалғастырды.

2019 жылы 3 маусымда басталған «SCAT» әуе компаниясының «Нұр-Сұлтан - Ұлан-Батыр» бағытындағы және 2020 ж. 28 қыркүйекте іске асырылған «Хүннү Эйр» әуе компаниясының «Ұлан-Батыр - Алматы» бағытындағы тұрақты тікелей әуе қатынастарын пандемиядан кейін қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде.

Былтыр Қызылорда қаласында тері мен жүнді қайта өңдейтін бірлескен кәсіпорын құру мәселесі бойынша екі тараптың арасында онлайн кездесулер өткізілді. Биыл Қызылорда облысы әкімдігінің делегациясы Моңғолияға іссапармен келіп, тиісті келіссөздер жүргізеді деп күтеміз.

2021 жылы ҚР Үкіметі және Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы туралы келісімнің жобасын талқылау жөніндегі Бірлескен сарапшылар жұмыс тобының 4 онлайн мәжілісі өткізілді. Қазіргі кезде тараптар бұл Келісімнің жобасын мемлекетішілік келісімдеу жұмыстарын жүргізуде.

Инвестициялық ынтымақтастық саласында 2021 жылы 23 сәуірде өткізілген «Kazakh Invest» ҰК» АҚ және Моңғолия үкіметінің атқарушы агенттігі - Ұлттық даму агенттігі арасындағы инвестициялық саясат пен инвестициялар тарту саласындағы өзара әрекеттестікті дамыту мәселелері бойынша онлайн кездесуін атап өтуге болады.

2021 жылы 2 желтоқсанда өткізілген «Almaty Investment Forum-2021» халықаралық инвестициялық форумға онлайн түрінде Моңғолия үкіметінің атқарушы агенттігі - Ұлттық даму агенттігі мен Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрлігі лауазымды тұлғалардың қатысуы да инвестициялық бағыттағы бірлескен жұмысты көрсетеді.

2021 жылы 21 шілдеде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ пен Моңғолия Парламентінің депутаттары арасында ұлттық әл-ауқат қорын құру мәселелері бойынша онлайн кездесуі өткізілді.

2021 жылы 14 қыркүйекте Елшіліктің жәрдемімен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің Көліктегі цифрландыру басқармасы мен Моңғолияның Жолдар және көлікті дамыту министрлігінің Автокөлік саясатын жүзеге асыру жөніндегі департаменттің басшылықтарының арасында қағаз жүзіндегі рұқсат бланктерін электрондық форматқа көшіру мәселесі бойынша онлайн мәжіліс өткізілді.

Моңғолия Парламентінің Табиғат пен қоршаған орта, азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі тұрақты Комитетінің Төрағасы Х.Болорчулуун бастаған ірі делегацияның 2021 ж. 20-22 қазанда Қазақстанның астанасында өткізілген «KazAgro-2021» халықаралық аграрлық, ауыл шаруашылық көрмесі және «KazFarm-2021» мал шаруашылығы және ет-сүт өнеркәсібі өнімдері көрмесіне қатысуы, «KazBeef» сиырдың мәрмәр етін өндіретін кәсіпорының жұмысымен таныстыруы, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеевпен кездесуі ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты алға жылжытты.

Қазақстан өзінің жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуда моңғол тәжірибесіне жүгінуге қызығушылық танытып келеді.

Осы тұрғыда былтыр қараша-желтоқсанда Қазақстанның Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қауымдастығы мен Моңғолияның Жүн және кашемир ассоциациясы, сондай-ақ ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен моңғол тарапы арасында жеңіл өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты бірлесіп алға жылжыту мәселелері бойынша онлайн кездесулер өткізілді.

- Елшіліктің екі мемлекеттің арасында құрылған дипломатиялық қатынастардың 30-жылдығын атап өту жоспары қандай?

- Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қатынастардың құрылғанына 30 жыл толуына орай ең алдымен екі елдің басшылары арасында, сондай-ақ сыртқы саяси ведомстволардың басшылары арасында өзара құттықтау жеделхаттарымен алмасу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Бұдан бөлек, биыл Ұлан-Батырда осы мерейтойға арналған Ғылыми-тәжірибелік конференцияны өткізу, фотосурет көрмесін өткізу, екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастардың құрылғанына 30 жыл толуына арналған көлемді мақалалар жариялау және басқа іс-шараларды өткіземіз.

- Жалпы Қазақстан тарапынан қандастарға қатысты қандай іс-шаралар жүргізілді?

- Моңғолияда шетелдегі ең үлкен қазақ диаспораларының бірі мекендеуіне орай және олардың тарихи отанымен байланысын нығайту мақсатында Елшілік қарқынды жұмыс жүргізуде.

Мәселен, Моңғолияда тұратын этникалық қазақтардың ана тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сақтауға қолғабыс көрсететін «Ұлан-Батыр қаласындағы Баян-Өлгий аймағының Жерлестер Алқасы» үкіметтік емес ұйымының төрағасы Тілеухан Нажкейұлымен үнемі кездесулер өткізіліп, Ұлан-Батыр қаласында қазақ тілі сыныбын ашу мәселесі талқыланды. Кездесудің нәтижесінде Ұлан-Батыр қаласындағы «Идэр» Университетінде қазақ тілі класын ашу мәселесі пысықталуда.

Бұған қоса Моңғолиядағы қазақ диаспорасының өкілдерімен, атап айтқанда «Отандастар қоры» КЕАҚ Өлгий қаласындағы ресми өкілі О.Хабсатармен, сондай-ақ Қобды, Дархан аймақтары мен Шарынқұл, Эрдэнэт қалаларындағы «Жерлестер Алкасы» үкіметтік емес ұйымының мүшелерімен онлайн форматтағы «дөңгелек үстел» өткізіліп, шетелден қоныс аударатын қандастарымыз үшінде Қазақстанның Үкіметі тарапынан қабылданып отырған іс-шаралар мен әртүрлі бағдарламалар туралы мағлұмат берілді.

Елшіліктің бастамасымен Ұлан-Батырда «Ақсақалдар алқасының» алғашқы кездесуі өткізіліп, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында ой-пікір алмасып, сәуір айынан бастап Елшілік «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен бірлесіп Моңғолияны мекендейтін қазақтардың ана тілін сақтауға қолдау көрсету мақсатында «Қазақ тілі» онлайн курсын іске қосты.

Ұлан-Батыр қаласында қазақ диаспорасының белгілі тұлғаларының бірі, «Turan World» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Ерболат Әшікұлының бастамасымен және Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінің қолдауымен «Тіршілік көзі» атты донорлық қан тапсыру қайырымдылық акциясы өтті. Игілікті іс-шарада Моңғолия астанасын мекендейтін қандастарымыз және Елшілік қызметкерлері белсенділік танытты.

-Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар