Бүгін Қасым Қайсеновтың туған күні

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – 23 сәуір – Екінші дүниежүзілік соғыстың хас батыры, партизан жазушы Қасым Қайсеновтың туған күні. Биыл Қазақстанның Халық Қаһарманының 103 жылдығы болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жасындай тиіп жауды жайратқан, қалам құдыретімен соғыс қасіретін, замана тынысын бүкпесіз жеткізген Қасым Қайсенов 1918 жылдың 23-і сәуірінде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Асубұлақ ауылында дүние есігін ашқан. Сол ауылдағы мектепте білім нәрімен сусындаған соң Өскемендегі саяси-ағарту техникумына оқуға қабылданған. 1938 жылы ондағы оқуын ойдағыдай тәмәмдап, техникум маңынан ашылған cаяси ағарту курсына басшылық етуге тағайындалады. 1938-39 жылдары Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспекторлық қызмет атқарған соң 1939 жылы әскери-барлаушылар мектебіне қабылданған. Ол оқу орнын 1941 жылдың күзінде бітіріп шықты.

Сол жылы сұрапыл соғысқа аттанған Қасым Оңтүстік-батыс майданы штабының қарамағына жіберілді. Қанды майданда аянбай шайқасқан батыр көп рет ерлігімен көзге түскен. Талай фашистің жанын жаһаннамға жіберіп, 1945 жылы еліне аман-есен оралады.

Соғыс аяқталғаннан кейін 1945-1946 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы аппаратында референт қызметін атқарған. 1946-1949 жылдары Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандарында аудандық атқару комитеттері төрағасының орынбасары, 1949-1950 жылдар аралығында ҚазССР жеңіл өнеркәсіп министірлігінде кадр бөлімінде аға инспекторы қызметтерін атқарады. 1951-1953 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы партиялық мектептің аудармашылар даярлайтын бөліміне оқуға жіберіледі. Оқуды аяқтаған соң ұзақ уақыт «Қазақ елі», «Жазушы», «Қайнар», баспаларында редактор, баспа директорының орынбасары болып еңбек етті.

Көрнекті жазушының қаламынан туған дүниелер оқырман қауымның жоғары бағасын алған. Ол «Жас партизандар» (1954), «Ажал аузында» (1959), «Жау тылындағы бала» (1961), «Жау тылында» (1973), «Партизан соқпақтары» (1978), «Переяслав партизандары» сынды көптеген шығармалар жазды. Кітаптары әлі күнге дейін асқан қызығушылықпен, зор ықыласпен оқылып келеді.

Ерлігі ерен Қасым Қайсенов «Богдан Хмельницкий» ордені, «Чехославакия партизаны», II, III-дәрежелі «За заслуги» және 2 рет I дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, шетелдердің және Совет Одағының медальдарымен сондай-ақ Қазақ ССР-нің, Украин ССР-ның «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. 1995 жылы 24 сәуірде партизанға «Халық қаһарманы» атағы және армия полковнигі деген шен берілді.

Халқының қошеметі мен құрметіне бөленген партизан жазушы 2006 жылдың желтоқсан айында 88 жасында дүниеден өтті.


Соңғы жаңалықтар