Бүгін елордада жаңажылдық іс-шаралар басталады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жетімдер, мүмкіндігі шектеулі балалар, сонымен қатар әлеуметтік жағынан тұрмысы төмен, көпбалалы жанұялардың балалары үшін елорданың аудандық әкімдіктері желтоқсанның 20-сы мен 22-сі аралықтарында және 24-інде жаңажылдық шырша өткізеді. Ал Жастар сарайы желтоқсанның 23-і мен 30-ы аралығында би кештерін ұйымдастыруға дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Желтоқсанның 24-інде Есіл өзенінің жағалауында және «Көктал» тұрғын үй алабының мәдеинет үйіне қарсы алаңдарда, «Өндіріс» тұрғын үй алабындағы № 23 орта мектеп аумағында Сарыарқа ауданы орта мектептерінің арасында қардан соғылған мүсіндермен аудан аумағын безендіру байқауы өтеді.
Желтоқсанның 25-інде астаналық циркте «Мұздағы цирк» атты ресейлік жаңажылдық қойылым басталады. Ал желтоқсанның 27-сі мен 30-ы аралығында Бейбітшілік және келісім сарайында Жасөспірімдер театрында жаңажылдық балалар ертеңгілігі өтеді.
Желтоқсанның 25-інде осы сарайдағы «Атриум» залында дарынды жетім балаларға арналған Президенттік шырша болады, ал кешкі сағат 7-де Тәуелсіздік сарайында Астаналық бал өтеді.
Елордада ұйымдастырылатын барлық Жаңа жылға арналған іс-шаралармен қалалық әкімдіктің ресми сайтынан танысуға болады.