Британиялық сарапшылар Қазақстанның ядролық қаруға қарсы бастамаларын талқылады

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Лондонда британиялық сарапшылар Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының ядролық қарусыздану және таратпау бағытындағы бейбіт бастамаларын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Кембридж, Оксфорд, Лафборо университеттерінің, сондай-ақ Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінің профессорлары Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық бастамаларын және оның қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін жоғары бағалады.

Кэмбридж университетінің өкілі Николас Рэй:

«Бұл бастама бүкіл әлемде кең қолдау тауып, қазақстандық тәжірибе барлық мемлекеттер үшін үлгі болады деп үміттенуіміз керек», - деп қадап айтты.

Ал Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінің профессоры Крис Алденнің пікірінше, қазір кейбір мемлекеттердің ядролық сынақтарға қайтадан кірісуді қалайтынын байқауға болады.

«Біз оның әкелген қайғы-қасіреті туралы ойланып, қайталанбауын қадағалауымыз керек. Қазақстан осы жағынан әлемге үлгі», - деп түйіндеді.

Іс-шара аясында академиялық орта өкілдерді Ұлыбританияға арнайы іс-сапармен келген екі қолсыз туған суретші Кәріпбек Күйіковпен кездесіп, оның еңбектерімен танысты. Семей полигонының құрбаны және АТОМ жобасының құрметті елшісі сарапшыларға қайғылы оқиғаның салдары және оның қайталануына жол бермеу бағытында Қазақстанда жүргізіліп жатқан қыруар жұмыстар туралы айтып берді.

Қонақтар сондай-ақ белгілі британ режиссері Андре Сингердің «Жел қайда соғады» атты деректі фильмін тамашалады. Көркем дүние әскери тәжірибелердің қорқынышты салдарына тап болған жүздеген мың адамның - Қазақстан тұрғындарының трагедиясы туралы баяндайды.

Дөңгелек үстелді ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының Ұлыбританиядағы өкілдігі екі елдің сарапшыларымен әлемдік қауымдастықтың жаһандық мәселелерді тұрақты түрде талқылауды жоспарлап отыр.

«Сарапшылардың көпшілігінің сөзінен бізде болып жатқан оқиғаларға деген қызығушылықтың зор екенін байқадық. Орталық Азия - қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі ретінде, Қазақстан осы аймақтың орталығы ретінде, бейбітшілік идеяларының бастамашысы ретінде, Еуразиядағы сыртқы саяси оқиғалардың көпшілігінің драйвері ретінде біздің елге деген сұраныс жоғары», - деді Елбасы Қорының Ұлыбританиядағы өкілі Ғани Бекенов өз сөзінде.



Соңғы жаңалықтар