Бразилияда сотталған отандасымыз жазасын Қазақстанда өтеуді сұрап отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бразилияда есірткіге қатысты қылмыс бойынша сотталған қазақстандық әйел жазасын өз елінде өтеуді сұрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейінгі жылдары Қазақстанның 4 азаматы жазасын өтеп жатқан еді. Оның үшеуі босады. 7 жылға сотталып, жазасын өтеп жатқан Қазақстанның бір азаматы (әйел) бізге арызын жолдап, қалған мерзімін Қазақстанда өтеуді сұрады. Осы екі ел арасындағы келісімге қол қойылған соң ол азаматтың қалған мерзімді Қазақстан түрмесінде өтеуге толық мүмкіндігі бар», - деді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Сенатта тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – Қазақстан азаматтары қандай жағдайда қандай қиындыққа душар болса да, көмек-қолдау көрсету, елге әкелу, құқықтық көмек көрсету.

«Қателеспесем оның жаза мерзімінен 5 жыл қалған», - деді ол.

Айта кетсек Сенат қабырғасында бүгін Бразилиямен Қазақстан арасында қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек, тұлғаларды ұстап беру және сотталған азаматтармен алмасу туралы заң жобасын ратификациялау мәселесі қаралып, Парламенттің кеңейтілген отырысына енгізу туралы шешім қабылданды.


Соңғы жаңалықтар