Бразилия бизнесмені: Қазақстанға инвестиция салуға дайынбыз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық Азия елдері ішінен тек Қазақстанға ғана инвестиция салғымыз келеді. Мұндай пікірді Астанаға арнайы келген Бразилияның «Optimal Capital Partners» компаниясының басқарушы директоры Томас Мартинс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанға екі елдің арасындағы байланыстарды жақсартып, тауар айналымын арттыра түсіру мақсатында келіп отырмыз. Бізді энергетика, пайдалы қазбалар, блокчейн технологиясы мен смарт-сити жобалары қызықтырады. Астанаға келгеннен бері «Қазақ инвест» пен «ҚазЭнерджи» энергетика және мұнай-газ кешені ұйымдарының қауымдастығы  өкілдерімен кездесулер өткіздік. Енді осы жұмаға дейін Тимур Құлыбаев («ҚазЭнерджи» қауымдастығының және «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы) мырзамен кездесуді  жоспарлап отырмыз», - деді бразилиялық бизнесмен ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Томас Мартинс Қазақстанға алғаш рет келсе де еліміздегі жалпы жағдаймен жете таныс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауымен  де хабардар екендігі байқалады.

«Қазақстанға бірінші рет келіп отырмын. Қала, халқы өте ұнады, бауырмал. Елдегі прогресті де байқадық. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауымен таныспыз. Онда Президент мырза Қазақстан жоғары технологияларға ұмтылу қажеттігін атап өткен, сонымен қатар қарапайым халыққа деген құрмет те анық байқалады»,  - деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруының арқасында сыртқы ойыншыларды өзіне тартып отыр.  Соның нәтижесінде елде тұрақты экономикалық даму бар, халық жұмыспен қамтылған. Сондықтан да бразилиялық бизнесмен қазақстандық серіктеспен бірлесе отырып, елімізде кез келген саладағы жобаны  жүзеге асыруға қаржысын құюға әзір.

«Біз Қазақстанның кез келген саласына инвестиция салуға дайынбыз. Бүгінде инвестициялық қоржынымызда 5 млрд доллардың жобасы бар. Біздің пайымдауымызша, Қазақстан инвестиция салу үшін өте қолайлы ел. Жалпы, сіздердің қаржы магнаттарыңыздан еш айырмашылығымыз жоқ. Кез келген қаржы магнаты кіріс бар жерге баруға дайын. Қазіргі уақытта біздің назарымыз Орталық Азия елдерінде тек Қазақстанға ғана ауып тұр және осы елге ғана инвестиция салғымыз келеді», - деді Томас Мартинс.

Соңғы жаңалықтар