Бозымбаев мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға қанша жұмсалғанын жария етпек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде өткен брифингте ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев еліміздің мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға жұмсалған қаржы көлемін жария етуге уәде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр өз сөзінде ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында Павлодар мұнай-химия зауытын және Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары аяқталатын, ал Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстарының аяқталу мерзімі 2018 жылдың бірінші жартжылдығына жоспарланғанын еске салып өтті.

«Әрине, үш зауытты жаңғырту жұмыстарына қыруар қаржы кетіп жатыр. Бұл қаржылардың бюджетке еш қатысы жоқ. Яғни, жаңғырту несие ресурстарын тарту және аталған зауыттардың өз қаржысы есебінен жүргізілуде. Қанша қаржы жұмсалғанын үш зауытты жаңғырту аяқталғаннан кейін белгілі болады. Мәселен, осы жылы Павлодар зауытын бітірейік. Жұмсалған қаржы 600-700 млн. доллар болуы мүмкін», - деді министр.

Оның атап өтуінше, Атырау мұнай зауытына кететін шығын одан 3 есеге көп болы ықтимал. Өйткені, ол ескі зауыт. Сондықтан шығынды да көп қажет етеді.

«Біз осы үш зауыттың жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін жұмсалған қаржыға байланысты мәліметтерді журналистерге беретін боламыз», - деді Бозымбаев.

Айта кетейік, бұған дейін Қанат Бозымбаев аталған үш зауыт толықтай жаңғыртылғаннан кейін 2019 жылы Қазақстан Ресей бензиніне тәуелділіктен арылатындығын мәлім еткен болатын.

Соңғы жаңалықтар