Бойжеткенді қорғаймын деп қаза тапқан полицей «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Алматы облыстық ІІД-нің қызметкері, полиция капитаны Азамат Мұртбаев «Ерлігі үшін» медалімен қайтыс болғаннан кейін марапатталды. Бүгін Алматы облыстық Ішкі істер департаментінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шарада марқұмға тиесілі награда оның анасына табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға орын алған түні полиция қызметкері Азамат Мұртбаев Талдықорған қаласындағы дәмхана маңынан мас ер адамның жас қызға тиісіп жатқанын байқап қалады. Бұзақының бейәдеп әрекетінен қызды құтқармақ болған ол дереу көмекке ұмтылады. Алайда, ішімдікке еліген басбұзар қолына пышақ алып, арашаға келген полиция қызметкеріне шабуыл жасайды. А. Мұртбаев ауруханаға жеткізілгенімен, ауыр жарақаттан қайтыс болды. Медаль марқұмның анасы Алма Мұртбаеваға табысталды.

null  

Еске сала кетейік, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты шараға Ішкі істер департаментінің, Ұлттық ұланның жеке құрамы, ІІО ардагерлері мен қызмет бабында қайтыс болған қызметкерлердің туысқандары қатысқан болатын.

 

Жиында сөз сөйлеген облыстық Ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов қызметкерлерді Тәуелсіздік күнімен құттықтап, атқарылған шараларға да тоқталып өтті. Оның айтуынша, биыл Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен қайта жөндеуден өткен Кинологиялық қызмет орталығы ашылды. Тұрғын үймен біріктірілген 5 учаскелік полиция пункті қолданысқа берілген.  Салтанатты шара барысында департаменттің 12 қызметкері «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен, 6 отбасы мүшесі Алғыс хатпен және естелік сыйлықтармен, сондай-ақ бірқатар қызметкерлер «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен және Ішкі істер министрінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Сонымен қатар, 25 жас қызметкер «полиция лейтенанты» арнайы атағын алып, Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ант етті.

null  

Соңғы жаңалықтар