Борис Угай: Қазақ тілін үйрену - әрқайсымыздың міндетіміз

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық полицей Борис Угай қазақ тілін жетік біледі. Өзінің қызметінде мемлекеттік тілде емін-еркін сөйлеп, оны жұмыс барысында пайдаланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бористің анасы - Елена Угай Елена ширек ғасыр бойы ішкі істер органдарында қызмет істеген. Қазір ҚР Ішкі істер министрлігіне еңбек сіңірген зейнеткер, запастағы полковник. Анасы ұлына бала кезінен өте жақсы тәлім-тәрбие берді. Өзі де қазақ тілін жетік меңгерді. Өзінің осындай қасиетінің арқасында өзге әріптестеріне үлгі бола білді.

Анасының ізбасары атанған Борис Қызылорда қаласында 1986 жылы дүниеге келген. Қаладағы № 198 орыс мектебінде білім алса да оқу ордасында жүрген кезден-ақ қазақ тілін еркін меңгерді. Өз қатарластарынан озық болды. Қазақ тілі пәнінде ол үнемі белсенді көрініп, ұстаздар назарына ілікті. Мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындаға Қазақ гуманитарлық заң университеті филиалында білім алды.

Қазір Борис Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторы қызметін атқарады. Қазақ тілі оқыту курстарына қатысып, білімін жетілдіріп отырады.

«Мен Қызылорда қаласында туып-өстім. Орысша білім беретін мектепте оқыдым. Қазақ тілі пәнінен тек бес деген баға алатын едім. Тілге деген қызығушылығым сол кезден басталды. Орыс мектептерінің арасында қазақ тілі пәні бойынша өткен қалалық олимпиадада жүлделі орын иелендім. Бұл маған жаңа таныстар мен достар табуыма себепші болды. Жергілікті ұлт өкілдері балаларымен бірге ойнап өстім. Еліміздегі барша ұлт өкілдері қазақ тілін еркін меңгеріп кетеді деп ойлаймын. Бұл - әрбіріміздің міндетіміз», - дейді офицер.

Қызылорда облысының Полиция департаментінде 11 өзге ұлт қызмет етеді. Олардың барлығы татулық пен достық дәнекері ретінде өнеге көрсетіп келеді.

Полиция капитаны Борис Угай барша қазақстандықтарды бірлік мерекесімен құттықтайды.

«Қазақстан халқын достастық, ынтымақ пен бірлік күнімен құттықтаймын. Бірлігіміз артып, татулық туы желбірей берсін», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар