Booking-те жұмыс істейтін Нәрікби: Қазақтарға ағылшын тілін үйрену онша қиынға соқпайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Booking компаниясында жұмыс істейтін қазақстандық Нәрікби Мақсұт ҚазАқпаратқа арнайы сұхбат беріп, Нидерланды еліндегі карантин, Booking-тегі жұмысы, Еуропаның құндылықтары және шетелде жұмыс істегісі келетін жастар, sharing economy туралы әңгімелеп берді.

- Нәрікби, сұрақты қазіргі өзекті мәселе – коронавирус тақырыбынан бастасақ. Амстердамдағы қазіргі жағдай қалай? Еуропалықтар қауіпсіздік шараларын қалай сақтайды? Тәртіпті бұзғандарға айыппұл немесе қамауға алу сияқты жаза қолданыла ма? Жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындар немесе уақытша жұмыссыз қалғандарға мемлекет тарапынан қандай да бір көмек жасалып жатыр ма?

- Нидерланды еліндегі карантин режиміне 2 айдай уақыт болып қалды. Жергілікті үкімет бұны «intelligent lockdown» деп атайды. Яғни, ақылды құлыптау. Мемлекет басшылығы халық саналы түрде далаға шықпайтынына сенеді. Егер 3 немесе одан артық адам жиналатын болса, әр адамға 400 еуро айыппұл салынады. Отбасы мүшелері оған кірмейді.

Барлық мейрамхана мен дәмханалар жабық. Азық-түлік дүкендері мен супермаркеттер ғана жұмыс істеп жатыр. Бірақ, дүкендерге кіргенде 1,5 метр ара қашықтықты ұстау керек. Есесіне, тағамды жеткізу сервистері жақсы жұмыс істейді. Кез келген дәмханаға онлайн тапсырыс беруге болады.

Көп мекемелер үйде отырып жұмыс істеу тәжірибесіне көшті. Мемлекет көп жұмыс орын қамтамасыз ететін компанияларға қаржылай көмек беріп жатыр. Бірақ, нақты сандарын білмеймін.

- Сіз жұмыс істейтін Booking компаниясы қалай қызмет етіп жатыр және сіздің режиміңіз қалай өзгерді?

- Booking.com компаниясы толығымен онлайн жұмыс істеуге көшкен. Оның ішінде компания басшылығы да кіреді. Аптасына бірнеше рет компания басшылығы онлайн митинг ұйымдастырып, сұрақтарға жауап береді.

Мен үйден жұмыс істеп жүрмін. Үйде істеуге барлық құрал-жабдықтарым бар.

- Booking – қонақүй мен тұрғын бөлмелерді брондаумен айналысатын, яғни туристік бағытта жұмыс істейтін әлемдік компания. Қазір коронавирусқа байланысты зардап шегіп отырған саланың бірі осы – туризм. Бұл туралы не айтар едіңіз? Қандай да бір қаржылық қиыншылықтар болып жатқан жоқ па?

- Иә, Трэвел бизнес бұл дағдарыстан үлкен зардап шегіп жатыр. Бірақ, бұл үшін көңіл түсірудің қажеті жоқ. Себебі, жалғыз Booking.com ғана емес, бүкіл трэвел индустриясы дағдарыста. Әсіресе, әуе компаниялары шығынға батуда. Бірақ дағдарыс бір күні аяқталады ғой. Адамдар саяхаттай бастайды. Индустрия мен экономика орнына келеді.

Есесіне Компания артық шығындардан арылып жатыр. Қанша қаржылық қиындықтар болса да, ешкімді жұмыстан шығарып жатқан жоқ.

- Енді өзіңізге оралсақ. Сіз өткен жылдың қараша айында Аматыдан Амстердамға қоныс аударып, Booking компаниясына жұмысқа орналастыңыз. Осы өзгерісті туған-туыстарыңыз қалай қабылдады? Тілдік кедергілер болды ма және қандай қиыншылықтарға тап болдыңыз?

- Менің бұл бастамамды туған-туыстарым жақсы қабылдады, қолдады. Бұрыннан осы IT саласына әуестігімді білетін. Тіл жағына келетін болсақ, менің ағылшын деңгейім жақсы болатын. Тек орта жетіспейтін. Қазір сол сөйлейтін ортаны таптым. Негізі, айтарлықтай қиын емес. Тез үйренісіп кетесің. Біздің қазекең, қазақ пен орыс тілін қатар біледі. Оған қоса ағылшынды үйрену де оларға қиынға соқпайды. Бұл біздің артықшылығымыз деп ойлаймын.


- Сіз Алматыда жүріп Booking компаниясына қалай жұмысқа орналастыңыз? Қандай іріктеу сатыларынан өттіңіз?

- Маған IT маманы ретінде дамудың жалғыз жолы – ірі алып компанияларда жұмыс істеп көру болды. Сол себепті шетел нарығындағы компанияларды зерттеп көрдім. Солардың ішінде Booking.com компаниясына назарым ерекше ауды. Жұмысқа қабылдау барысына келер болсақ, жалпы әлемдік ірі IT компанияларда іріктеу процесі бірдей стандарттарға негізделген. Қайсыбір ірі компанияға барсаңыз да, шамамен бір-біріне ұқсас сұхбаттасу кезеңдерінен өтесіз. Бұларды бірнеше санатқа бөлсек болады: кадрлық (HR interview), телефонмен техникалық (Phone technical interview), жалпы бағдарламалау туралы (General programming interview), жүйелік дизайн бойынша (System design interview), мәдени үлгідегі (Cultural fit interview) және бетпе-бет сұқбаттар (Onsite interview).

- Қазір шетелге шығып, жұмыс істеп тәжірибе жинағысы келетін қазақстандық жастар көп. Оларға қандай кеңес берер едіңіз?

- Шетелге шыққысы келіп жүрген жастарға айтарым - сізде нақты мақсат болу керек. Жай шетел ғой деп кетудің қажеті жоқ. Әр елде өз проблемасы бар. Қанша дегенімен, сіз жұмыс мигранты болып бара жатырсыз. Жергілікті тұрғын болып кете алмайсыз. Ертелі-кеш елге қайтамыз. Келгенде өзімізбен не алып келеміз? Осыны ойлану керек.

- Booking компаниясында 20-дан астам қазақстандық жұмыс істейді деп естідім. Олармен араласып тұрасыз ба?

- Иә, бізде 20-дан астам қазақ бар. Аллаға шүкір, бәріміз өте жақын араласамыз. Бір-бірімізге қонаққа барамыз. Туған күндерді бірге тойлаймыз. Бірге саяхаттаймыз. Басқа елдегі қазақтардың осыны көріп таңғалатыны да бар.

- Қазақстанға қашан ораласыз?

- Әрине, бір күні ораламын ғой. Бірақ, қазір мен үшін тәжірибе алу маңыздырақ. Өйткені, елге көмек беру үшін де тың идеялар болу керек. Баяғы жүйені өзгерту керек... Қанша жыл керек екенін айта алмаймын. Бұл адамның ішкі сезіміне байланысты шығар.

- Еуропадағы өмір сізге қандай құндылықтарды үйретті?

- Өз басым, голландықтардан көп затты үйрендім. Бұл қызық, Нидерланд елі тұрғындарының бойында заңды сақтау мен оны бұзудың ерекше балансы бар. Мысалы, қағаз тастайтын жәшікке әйнек тастасаңыз, 100 еуро шамасында айыппұл төлейсіз. Бірақ, жол полициясы сіздің жолаушыны заңсыз жерде түсіргеніңізді көрсе, айыппұл салуы екіталай. Адамдарға деген ерекше түсіністікпен қарайды.


Нидерланды үкіметі халықтың өзі жиі шешім қабылдауын қалайды. Бірде мен тұрып жатқан ауданда жергілікті әкімдік барлық тұрғындарға хат жіберді. Ішінде осы жылы 300 мың еуро бюджетті қалай жұмсалуы керек екенін сұрады. Яғни, тұрғындар сол ауданды қалай дамыту керек екенін өздері шешеді. Мені осы жағы қатты таңғалдырды.

- Қазір технологиялық революция адамзаттың өміріне оң және кері әсерін тигізіп жатыр дейді сарапшылар.Netflix түсірген «Black mirror» (Қара айна) сериалы осы проблеманы көтереді... Осы салада жүрген маман ретінде не дер едің?

–Тап осыдан 10 жыл бұрын қазіргідей бір телефонмен барлық ақпарат алақаныңызда сырғып сала беретінін елестетпек түгілі, үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеп еді. Клаус Швабтың төртінші индустриялық революциясы басталған шақта технологиядан бас тарту мүмкін емес. Адамның моральдық масылдығы күшейіп, санасы дағдаратынын немесе биологиялық болмысы мутацияға ұшырайтынына қатысты түрлі болжамдар айтылуда

Ал Netflix түсірген «Black mirror» антиутопиялық сериалдары туралы айтар болсам, Black mirror (Қара айна) негізгі идеясы – жасанды интеллекпен байытылған технологиялармен етене сіңісіп кеткен қоғамның өмірі. Ойланып қарасам, біз көбіне технологиялардың тек пайдалы жақтарын айтып, зиянды жақтарын жайлы ойлана бермейміз.

- Сіз айтпақшы, қазір sharing economy заманы. Осы пікіріңізді тарқатып айтсаңыз?

- Сіз бен біз заттарды сатып алуға дағдыланып алғанбыз. Көлік, пәтер, телефон, т.б. Жалпы, заттардың иесі болуды жақсы көреміз. Бірақ, ол үшін қыруар ақша жұмсайсыз, қарызға кіресіз.

Sharing economy - осы проблеманың шешімі. Бүгінгі күні сіз бір заттың иесі болмай-ақ, соның тек функционалды жағын қолдана аласыз. Адам көлік бір жерден екінші жерге апаруы үшін қажет емес пе? Онда неге оның сол қасиетіне ғана ақша төлемейміз? Бұның шешімі - такси жалдау немесе каршейринг сервистерін қолдану. Сіздің бұзылған көлікті жөндеуге, оның салығын төлеуге және т.б. проблемаларына бас қатырудың қажеті жоқ. Осы тәсіл Еуропа елдерінде қатты дамыған.

Менің өзім тіпті велосипедті жалға аламын. Күлкілі естілуі мүмкін, бірақ Амстердамда велосипед өте жиі ұрланады. Біреуіне 2-3 құлып қоямыз. Ал мен жалға алатын велосипедпен ондай проблема жоқ. Айына 16 евро төлеймін. Есесіне ұрланатын болса маған жаңасын қайта береді. Бас қатырудың қажеті жоқ.

Бұл әдіс халықты үнемділікке шақырады. Өйткені, сізге бір затты қолдану үшін артық ақша керек емес. Қолданып болғаннан кейін басқаларға жалға бересіз, не сатып жібересіз. Ыңғайлы емес пе?

- Соңғы кезде сіз көптеген танымал адамдармен подкаст жазып, оны жариялап жүрсіз. Нақтылап айтсам, сіздің журналистер Руслан Меделбек, Өркен Кенжебекпен жасаған подкастарыңызда бүгінгі қазақ журналистикасының проблемалары мен қазіргі бағыт-бағдары қамтылған. Сіздің мамандығыңыз мүлдем басқа ғой. Подкаст жазуға не түрткі болды?

- Подкаст жаза бастауымның басты себебі - мен елден кеткелі өзімнің араласқан ортамды жоғалтып алдым. Онлайн сөйлесеміз ғой, әрине. Бірақ, жаңа адамдармен танысу мүмкін болмай қалды. Ал мен адамдармен араласып, пікір алмасқанды өте жақсы көремін.

Одан бөлек, елімізде кәсіби дәрежеде бәсекеге дайын азаматтардың аз екенін білемін. Кез келген компанияның айтатын уәжі осы. Ал менің араласатын ортам кәсіби дамуға өте көп көңіл бөледі. Сондықтан жастарға көмек бергім келді. Бүгінгі күні біраз программист, ғалым, эколог және журналистермен подкаст жазып үлгердім.

Енді журналистикаға келер болсақ, сіз айтқандай мен программиспін, журналистикаға қатысым жоқ. Бірақ, мен дәл осы саладағы проблемаларды өз көзіммен көріп жүрмін. Сіздің әріптестеріңіз мені кешірер, бірақ Қазақстанда бұл жоғалған мамандықтың бірі деп ойлаймын.

Халыққа ақпаратты білікті журналистер жеткізбесе, кім жеткізеді?

Бүгінгі қазақ тілді журналистика заманға сай мәселелерді көтермейді. Мен оқырман ретінде қазақ тілінде сауатты және менің сұранысымды қанағаттандыратын ақпарат алғым келеді. Осы және басқа да проблемаларды талқылау үшін Өркен Кенжебек, Руслан Меделбек және Марфуға Шапиянмен подкасттар жасадым. Қызығы, осыдан кейін маған жекеге шығып, жас журналистер алғыс білдіріп жатыр. Ал маған бұдан артық не керек?


- Тапқан табысыңыз өмір сүруге толық жете ме?

- Аллаға шүкір, жетеді. Әсіресе, менің әлі бойдақ екенімді ескеретін болсақ табысым өзіме толықтай жетеді. Батыста компаниялар сол тұрып жатқан елдегі орташа деңгейден артық төлеуге тырысады. Қанша дегенімен жақсы маманды тек осылай ұстауға болатынын олар жақсы біледі.

- Еуропалықтар ислам дініне қалай қарайды? Амстердамда қанша мешіт бар? Ораза ұстайсыз ба?

- Мен тек Нидерланды еліне байланысты айта аламын. Қалған Еуропа елдері өзгеше болуы мүмкін.

Голландықтар өте толерантты халық болып есептеледі. Бұл елде христиан, мұсылман, атеист, агностик бәрі заңның алдында бірдей. Дін еркіндігі бәріне бірдей берілген.

Мұсылмандарға келер болсақ, Нидерландыда өте үлкен мароккандық және түрік диаспоралары бар. Амстердамның шет жақ аудандары тіпті кейде Ыстанбұлға ұқсап кетеді.

Мешіттердің мәселесі тіпті қызық. Өзімнің телеграм каналымда сол туралы да айтқанмын. Амстердамның орталығында ескі шіркеу бар. Сырттан қарасаң кәдімгі шіркеу секілді. Бірақ, ішіне кірсең - мешіт. Яғни, бұл шіркеуді түрік ағайындар сатып алып мешіт қылған.

Бейресми деректерге сүйенсек, тек Амстердамның өзінде шамамен 60-қа жуық мешіт бар.

12 жылдан бері ораза ұстап келемін.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар