Болат Төкежанов: Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі - медицинадағы экономикалық реформа

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Адамзатқа ауыр сынақ болып келген індет осы жылы халыққа көптеген күтпеген қиындықтар алып келді. Денсаулық сақтау саласы мен әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі дерт дендеген кезде сыналды, шыңдалды. Отандық медицинаға үлкен өзгеріс жасалған жүйенің халыққа қызмет көрсете бастағанына да бір жылға жуық уақыт болыпты. Осыған орай жыл қорытындысы мен жалпы осы жүйе туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Болат Төкежановты сұхбатқа тартқан едік.

- Болат Тұрғанұлы, бұл жүйе қандай құжаттан бастау алды, бәрі неден басталды? Жылды қалай қорытындылап жатырсыздар, алдағы жоспарыңыз қандай?

- Бұл жүйені енгізу, дамыту туралы бес жыл бұрын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Ұлт жоспары – бес институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамда көрсетілген. Ұлт жоспарының 80-қадамында мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың ынтымақтасқан жауапкершілігі қағидаты негізінде денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық орнықтылығын күшейту, бастапқы медициналық-санитарлық көмекті басымдықпен қаржыландыру көзделген. Осы құжатта аурудың алдын алу және ерте бастан күресу үшін ұлттық денсаулық сақтауда бастапқы көмекке басымдық берілу қажеттілігі жазылған. Ал 81-қадамда жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу туралы айтылады.

Бәсекелестік есебінен қызметтің қолжетімділігі мен сапасын көтеру мақсатында әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайындағы бастапқы медициналық әлеуметтік көмекті қаржыландыру – бәсеке есебінен медициналық ұйымдардың корпоративтік басқару қағидаттарына көшуін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандыру, мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін беруді кеңейту туралы нақты бағыттар бар. Осыған сәйкес, білім мен біліктілікті арттырып, жаңа әдістерді игеруді талап ететін жүйе денсаулық сақтау саласына талаптарды арттырды. Өмір сақшылары болып саналатын дәрігерлер мен медицина қызметкерлері елімізде сақтандыру енгізумен бірге келген жаңалықтарды әлі де меңгеріп, жүйеде жұмыс жасауға машықтанып келеді. Әрине, алғашқы жыл болғандықтан тәжірибенің аздығынан туындаған кемшіліктерде жоқ емес. Дегенмен оң өзгерістер басымырақ.


Жалпы бұл жүйені - үлкен сүзгіден өтіп, әбден сараланған медицинадағы экономикалық реформа деуге болады. Қазіргі дағдарыс кезінде қаржылық тұрақтылықты сақтау маңызды. Сондықтан бүгінгі күні мемлекет саясатының маңызды драйверіне айналған жүйе отандық медицина саласының сенімді қаржы операторы болып отыр. Яғни, осы жүйе арқылы денсаулық сақтау саласының шығындары өтеледі және ауыспалы қаржыландыру есебінен медициналық қызметтерді жаңа деңгейге көтеруге әлеуетіміз артты.

Жалпы, МӘМС жүйесін енгізу қарсаңында републикада медициналық көмек көрсетудің клиникалық тәсілдері қайта қаралып, сарапталған. Бұл жүйе енгізілгенге дейін Қазақстандағы медициналық бизнес, яғни жеке медициналық орталықтар мемлекет тарапынан ашықтықты, қамқорлықты сезіне алмаса, бұл мәселе қазір толық шешілді деуге болады. МӘМС жүйесіне жекеменшік медициналық қызмет көрсетушілерді тарттық. Себебі, денсаулық сақтау саласында адал бәсекелестік болғанда ғана медицина сапалы деңгейге көтеріледі.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілді берілген көлемі аясында (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттері бойынша 2021 жылға арналған медициналық көмекті сатып алу жоспарына сай медициналық қызметтердің негізгі көлеміне 2021 жылға шамамен 1,5 трлн теңгеге сатып алуды жариялады. Келесі жылы халықтың қажеттілігінің артуын және елдегі эпидемиялық жағдайды ескере отырып, медициналық көмекті сатып алу көлемінің ұлғаюы болжанады. ТМККК пакетінде бұл инфекциялық ауруы бар пациенттерге, онкологиясы бар пациенттерге арналған медициналық көмекке, паллиативтік қызметтерге қатысты. Сақтандырылған халық үшін мамандандырылған медициналық көмектің, оның ішінде ауылдық жерлерде қымбат жоғары технологиялық қызметтердің көлемі артады. Осы жылдың желтоқсан айында сатып алуды өткізу жаңа жылдан бастап, яғни 1 қаңтардан халықты медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тағы бір айта кететін жаңалық, қор бірыңғай стратегиялық сатып алушы ретінде қызметтерді сатып алудың электрондық форматына көшті. Ол үшін «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-пен бірлесіп fms.ecc.kz медициналық қызметтерді сатып алу веб порталы іске қосылды. Сатып алудың электрондық форматы рәсімнің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қателердің туындау тәуекелдерін барынша азайтады, қағаз құжат айналымын төмендетеді. Мұның бәрі қор үшін де, медициналық ұйымдар үшін де сатып алу жұмысын жүргізуді жеңілдетеді. Ең бастысы ашықтық саясаты негізге алынады. Бұл ел арасындағы жүйеге деген күдік пен күмәнді сейілтеді деген ойдамын. Электронды үкімет немесе азаматтарға арналған үкімет сияқты ашық қызметке қол жеткізу жоспарда бар.

Айта кеткім келетіні, 2021 жылға арналған медициналық көмекті сатып алу жоспарының шығыс бөлігі өсті және бұл қор тарапынан ресурстық салымдарды ұлғайтады.

- Қазір халықтың МӘМС жүйесіне қатысу көрсеткіші қандай?

- 1 желтоқсандағы ақпаратқа сәйкес қазір МӘМС жүйесінде шамамен 15,9 млн адам сақтандырылған. Бұл халықтың жалпы санының 84 пайызы. Карантин шараларына қарамастан, бизнестің төлем қабілетсіздігі МӘМС жүйесіне қатысуды арттырды: шілде айының соңында жүйеде 15,3 млн адам сақтандырылды. Ал жүйеде жоқ, яғни сақтандырылмаған адамдардың саны 3 млн-нан астам, дегенмен олардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық көмек алуға құқығы бар. Оған жедел жәрдем, емханалардағы амбулаториялық көмек, сондай-ақ шұғыл стационарлық көмек және әлеуметтік мәні бар аурулар кезіндегі медициналық көмек кіреді. Сондай-ақ, «жүйеге енбей қалған» адамдарды – соңғы жылы аударымдары немесе жарналары бар, бірақ соңғы айларда оларды жасауды тоқтатқан адамдар шамамен жарты миллион адамды құрайды.

Сақтандырылған тұлғалардың жалпы санынан 11,2 млн адам жеңілдікті пайдаланушылар , олар үшін жарналарды мемлекет төлейді. Бенефициарлардың негізгі бөлігі - балалар мен зейнеткерлер. Сондай-ақ, жүкті әйелдер мен бала туу және бала күтімі бойынша демалыста жүрген аналар, мүгедектер, көп балалы аналар, студенттер, жұмыссыздар, қандастарымыз, жазасын өтеушілер, АӘК алушыларға мемлекет қаржы бөледі. 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша МӘМС түсетін түсімдер сомасы биыл 494,6 млрд теңгені құрады. 2020 жылы түсімдердің ең көп сомасы жеңілдікті алушылар үшін мемлекеттің жарналары – 272,1 млрд теңгені немесе барлық түсімдердің 55 пайызын құрады. Ал өңірлер туралы айтатын болсам, ең көп аударымдар мен жарналар жасаған Алматы қаласы – 38,9 млрд теңге және Нұр-Сұлтан қаласы – 24,4 млрд теңге. Ал ең азы - Солтүстік Қазақстан облысында – 5,5 млрд теңге.

Биыл жаңа коронавирус инфекциямен күрес аясындағы іс-шараларды қаржыландыруға шамамен 253 млрд теңге бағытталды. Осы жылдың 11 айында жедел медициналық көмекке 6,6 млн төленді. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайыз аз. Себебі карантин кезінде, жалпы пандемия салдарынан ауруханаларда COVID-19, пневмониядан басқа ауруларды емдеу шараларының көлемі аз болды. Сонымен қатар, 2020 жылы медициналық оңалтуды қаржыландырудың едәуір ұлғаюына қарамастан, карантин енгізу себебінен оңалту шаралары іс жүзінде 2019 жылғы деңгейде қалып отыр. Бұл ретте медициналық оңалту МӘМС жүйесінде толықтай дерлік көрсетіледі. Қордың басты міндеті - медициналық ұйымдарды үздіксіз қаржыландыру, бұл міндет ағымдағы жылы толық орындалды.

- Ал медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу жалғаса ма?

- Жыл бойы қор эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеуді қамтамасыз етті. Қараша айының қорытындысы бойынша Covid-19 және вирустық инфекциямен күреспен айналысатын 42 мыңға жуық медицина қызметкері жалақыға үстемақы алды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры осы мақсаттарға 98 млрд астам теңге бөлді. Еліміздегі эпидимиологиялық ахуалға сәйкес бұл төлемдер 2021 жылы да қарастырылады. Себебі жанкештілікпен еңбек етіп, өздеріне төніп тұрған індеттен еш тайсалмай, ауыр науқастарды ажал тырнағынан арашалап жүрген медицина қызметкерлерінің еңбектері еленуі қажет. Бұл мәселе әрдайым мемлекеттің назарында.

- Пандемия кезеңі болғандықтан халық арасында сіздерге сұрақ көп. Қордағы кері байланыс бір жүйеге келді ме? Арыз көп пе, алғыс па?

- Қордың кері байланыс арналары 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, SaqtandyruBot телеграмм боты, әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттар үздіксіз қызмет жасап тұр. Яғни, бір жүйеге түсті деп толық айта аламын. Мысалы, биыл қорға халықтан 700 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Сондай-ақ, 7 483 шағым, 3 031 алғыс, медициналық қызметтерді ұсынуды жетілдіру және МӘМС жарналарын төлеу мәселелері бойынша 232 ұсыныс, ШОБ қызметкерлері үшін сақтандыру мәртебесін алуға 5 048 өтінім, халықтың жеңілдікті санатына сақтандыру мәртебесін беруге 14 572 сұрау түскен. 7 483 шағым қормен ТМККК аясында және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтер көрсетуге шарты бар медициналық ұйымдардың атына келіп түсті. Көбінесе сұрақтар Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Павлодар облыстарының, медициналық ұйымдарына қатысты. Сұрақтардың сипаты көбінесе консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігі, жабдықтың болмауы, жолдаманың берілмеуі, кадр тапшылығы, медицина қызметкерлері тарапынан дөрекілік және қызметкерлердің біліксіздігі, медициналық көмек көрсету сапасы, ақылы қызметтерге жолдама, емдеуге жатқызудан бас тарту, жеңілдік көрсетілген санаттарға сақтандыру мәртебесін беру мәселелері, мамандардың үйде шақыртуға қызмет көрсетуден бас тартуы, ТМККК аясында медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша. Шағымдармен қатар пациенттерден медицина қызметкерлеріне алғыста айтылады. Жыл қорытындысы бойынша түрлі байланыс арналары арқылы 3 031 алғыс хат келіп түсті. Ең көп алғыс Алматы қаласы, ШҚО, Түркістан, Маңғыстау облыстарының, Шымкент қаласының медицина қызметкерлерінің атына келген.


Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру - денсаулық сақтау мүддесін қорғаушы мемлекеттік жүйе болып саналады. Ал халық денсаулығы - бұл елдің әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуының маңызды элементі. Сондықтан қор медицина ұйымдары және филиалдармен бірлесіп, пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі жұмысты сәтті жүргізе отырып, халыққа ашық екенін жеткізеді әрі тиімді қызмет тетіктерін ары қарай жетілдіреді. Себебі ұлт денсаулығы - мемлекеттің іргетасы.

- Болат Тұрғанұлы, жыл соңында болатын қызметтегі қарбаласта уақыт тауып, тың ақпараттармен бөліскеніңіз үшін рақмет!


Соңғы жаңалықтар