Болат Тілепов ҮЕҰ-лардың жұмысындағы басым бағыттарды атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов үкіметтік емес ұйымдар жұмысындағы басым бағыттарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел-жұртымыздың тұрмысын жақсартып, өмір сапасын көтеру ісінде азаматтық күштердің үлесі де, салмағы да ерекше. Ал енді өмір сапасы дегеніміздің өзі жинақтап айтқанда әрбір отбасының молшылық пен берекелі тұрмысы, мықты денсаулығы, балаларының сапалы білім мен жақсы тәлім-тәрбиесі, қауіпсіздігі мен қолайлы қоршаған ортасы. Бұл ретте әрине, бірқатар басым, маңызды бағытқа берген дұрыс. Біздің ойымызша, біріншіден - білім берудің сапасын арттыру мен тәрбие ісін жетілдіру. Айталық, мектеп жасындағы балалардың арасында салауатты өмір салтын насихаттау, тән мен жан саулығын қамтамасыз ету, кәсіптік бағыт беру, олардың биік рухани келбетін қалыптастыру және тағы да басқа көптеген тақырып қоғамдық ұйымдар үшін ерекше ден қойып, мақсатты шаралар жүргізетін дүниелер», - деді Болат Тілепов «Тәуелсіздіктің 30 жылдығын өткізудегі азаматтық сектордың рөлі» тақырыбында өткен кездесу барысында.

Вице-министрдің айтуынша, екіншіден, денсаулық сақтау мен медициналық қызметтің сапасын арттыру бағыты бойынша оның қолжетімділігін арттыру, медициналық сақтандыру мәселесін насихаттау, жалпы пандемия сияқты қоғамдық індеттерге қарсы тұру, түрлі психологиялық кеңес беру орталықтарының жұмысын ұйымдастыру тақырыбындағы жобалар өзекті.

«Үшіншіден, халқымыздың салауатты өмірін жаппай жақсарту ісінде тән саулығы тек спорт, дене шынықтыру ғана емес, рухани өмірдің тазалығы, тіл мен дін, мәдениет пен әдебиет, салт пен дәстүр мәселелері алға шығады. Әрине, бұл жалпы мәселелер. Десек те, бұл жұмыстың қай-қайсысын алсаң да нәтижесін өздеріңіз сияқты көзі ашық, көкірегі ою, білімі кең, білігі мол азаматтар мен ұйымдарсыз көзге елестету мүмкін емес», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар