Болат Дембаев: Референдумға дайындық кезеңінде заң бұзушылық тіркелген жоқ

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Референдумға дайындық кезеңінде бірде-бір заң бұзушылық тіркелген жоқ. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлығы да Референдум туралы конституциялық заң ережесіне сай өтіп жатыр. Қандай да бір заң, оның ішінде үгіт ережелерін бұзу тіркелген жоқ», - деді Болат Дембаев Орталық референдум комиссиясының отырысында.

Бас прокуратура атап өтуінше, референдум тағайындалған күннен бастап осы уақытқа дейін аталған мәселеге қатысты 18 өтініш түскен. Бірақ, оның бірде-бірі референдум туралы заңнаманың бұзылғандығы туралы емес.

Болат Дембаевтың пайымынша, референдум туралы заңнаманың бұзылғандығына қатысты еш шағымның түспеуі қазіргі процестің заңдылығына дәлел бола алады.

Ал Орталық референдум комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов дерегінше, 5 мамыр күні референдум жарияланған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін Орталық референдум комиссиясына жеке және заңды тұлғалардан 524 өтініш келіп түсті.

Келіп түскен өтініштердің 15-іне белгіленген мерзімде толық жауап берілді. 500-і Орталық референдум комиссиясының құзыретіне кірмейтіндіктен заңда белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органдарға жіберілді. 9 өтініш қаралуда. Орындалмаған өтініштер жоқ.


Соңғы жаңалықтар