«Болашақ» бағдарламасының тізіміне 40 жаңа мамандық қосылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мамандықтар тізімі еңбек нарығының трендтерін талдау нәтижесінде толықтырылған. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тізім инновациялар, жаңа технологиялар, медицина және индустриялық инженерия, жаратылыстану ғылымдары саласы бойынша толықтырылды.

«17 мамандықтың атауы кеңейтіліп, бұрыннан бар мамандықтар қатарына қосылса, 23-і жаңа мамандық ретінде енгізіліп отыр. Жалпы алғанда, басым мамандықтардың тізімі техникалық бағыттағы мамандықтармен 30%-ға кеңейтілді»

, - дейді Әнуар Жанғозин.

Орталық басым мамандықтарды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрлар қажеттілігіне қатысты 70-ке жуық өтініміне талдау жасаған.

«Кадрлық нарықтың орта мерзімді болжамы ескерілді. Мемлекеттік органдар, ЖОО, ғылыми орталықтар, индустрия және бизнес өкілдерінің қатысуымен сараптамалық кездесулер өткіздік»

, - деп жазады ол.

Биылғы жылы шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуға арналған басым мамандықтар тізіміне жалпы академиялық оқу бойынша 92 мамандық және тағылымдамадан өтуге 158 мамандық кірді. Тізімді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ ресми сайтынан қарауға болады.

Бұған дейін «Болашақ» бағдарламасына әлемнің үздік 23 техникалық университеті кірген болатын.



Соңғы жаңалықтар