«Болашақ» бағдарламасы - Қазақстанның бренді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Орта мектепті бітіріп, білікті маман болғысы келген кез келген өреннің арманы шетелдің беделді жоғары оқу орындарына түсіп сапалы білім алу екендігі айдай анық. Ал 1 жылдық оқу құнының өзі бірнеше ондаған мың доллар болатын Оксфорд, Кембридж, ММУ сынды университеттерде баласын оқытуға ата-ананың қалтасы көтермейтіндігі айтпаса да түсінікті жайт. Бірақ, Тәуелсіздіктің елең-алаңынан-ақ мұндай шетелдік беделді оқу орындарында жастарымыздың білім алуына жол ашылды. Оған ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрған «Болашақ» бағдарламасы мүмкіндік берген еді.

Қазақстан бренді

Осы жылдардың ішінде «Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстанның бірегей брендіне айналды. Мұны Елбасымыз да өткен жылы елордада өткен «Болашақ» халықаралық стипендиясының 25 жылдығына арналған «Адами капитал - жаңғыру негізі» атты форум қатысушыларына жолдаған құттықтауында атап өткен еді.

«Ширек ғасырдан бері еліміздің талантты жастарына қолдау көрсетіп келе жатқан «Болашақ» стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналды. Біз сонау 1993 жылдан бері 13 мың жастың шетелде білім алуына жағдай жасап, олардың заман талабына сай білікті маман болуына жол аштық. Бүгінде «Болашақ» стипендиясымен оқып келген түлектер білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында жүздеген ғылыми әзірмелер мен ірі жобаларды жүзеге асырып, зор жетістіктерге жетіп отыр», - делінген еді Тұңғыш Президенттің құттықтау хатында.

Иә, «Болашақ» халықаралық стипендиясы ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған. Бағдарлама академиялық оқудан (магистратура, докторантура), сондай-ақ әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді қамтиды. Осы уақыттың ішінде «Болашақ» бағдарламасы еліміздің стратегиялық басымдықтарына негізделе отырып, дамудың бірнеше кезеңдерінен өтті.

Айта кетерлігі, Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтармен түрлі кездесулерде, халықаралық оқиғалар барысында не болмаса форумдарда бағдарламаның қалай құрылғандығын және қанша жас өреніміз шетелде білім алып жатқандығын үнемі айтып отырады.

«Қазіргі таңда өнерлі жастарды қолдау үшін белсенді түрде жұмыс жүргізіліп жатқанын білесіздер. Қоғамда түрлі бағыттар креативті азаматтардың тұтас шоғыры қалыптасты. Сонымен бірге, жас ғалымдарға көмек көрсетудің маңызы зор. Біз «Болашақ» бағдарламасын бекіткеніміздің дұрыс болғанын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Біздің еліміз үшін ең күрделі болған 1993 жылы қарттарға зейнетақысы бере алмай жатқан кезде, мұғалімдер мен дәрігерлерге, әскерилерге айлығын төлей алмай жатқан тұста жастарымызды әлемнің ең үздік ЖОО-ларына жолдап жаттық. Мемлекет әрбір жас үшін жыл сайын 30 мыңнан 50 мың АҚШ долларына дейін төлеп отырды. Міне, осы жолмен қазіргі таңда 14 мың жас өрен оқып, тағы да 20 мыңын ата-аналардың өзі жіберіп отыр. Олардың 12 мыңы қайтып келіп, біздің экономикаға жұмыс істеуде», - деген еді Елбасы «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатында.

«Болашақтықтар» елімізді болашаққа бастайды

Халықаралық бағдарламалар орталығының мәліметтеріне сәйкес, бағдарлама жүзеге асырылып келе жатқан 26 жылдың ішінде 13 870 стипендия тағайындалды. Ал қазіргі уақытта 1 199 стипендиат шетелде білім алуда. Стипендиаттардың 44,8 пайызы Ұлыбритания мен Ирландияда, 41,5 пайызы АҚШ пен Канадада, 6,4 пайызы Еуропа құрлығындағы елдерде, 5,5 пайызы Азия мен Океанияда, 2,2 пайызы Ресей Федерациясында оқып жатыр. Елбасы дәл осы жастар егемен елімізді өркендетіп, Қазақстанды заман талабына сай жаңғыртуға атсалысса екен деп тілейтіндігін де сән мәрте айтқаны есте.

Мәселен, осы жылдың 31 мамырында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Назарбаев Университетінің» бесінші түлектер легі мен еліміздің барлық ЖОО түлектерін оқуды бітіруімен құттықтай келе: «Түлектеріміз егемен елімізді өркендетіп, Қазақстанды заман талабына сай жаңғыртуға атсалысса екен деймін. Біздің көріп отырған болашағымыз, дүниежүзіндегі жағдай - білім мен ғылымы дамыған ел ғана озық бола алатынын, бәсекеге сай бола алатынын көрсетіп отыр. Соған дайын болу үшін мен сендерді дайындадым. «Болашақ» бағдарламасымен білім алған, осы университетті аяқтаған алдыңғы қатарлы жастар мемлекеттің әрбір саласында жұмыс істеп, елімізді болашаққа бастайды деп сенемін», - деген еді.

Жалпы, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған жастар бүгінде Үкіметте, министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарда, квазимемлекеттік секторда жемісті еңбек етуде. Олардың кейбірінің жемісті еңбек етіп жатқандығын биыл 21 тамызда елордада өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР Тұңғыш Президенті арнайы атап өткені есте. Елбасы «Болашақ» бағдарламасымен білім алған жастардың аудан және облыс әкімдерінің орынбасары болып қызмет еткендігін, өкінішке қарай, бүгінде бұл тәжірибе тоқтап қалғанын айтқан еді.

«Олар аудан және облыс әкімдерінің орынбасары болды. Неліктен бұл жұмыс тоқтап қалды? Міне, мәселен, біз оқуға жібергендердің бірі – Алтай Көлгінов. Кезінде біз оны арнайы оқуға жібердік, ал бүгін ол қала басшылығында отыр. Осындай азаматтар көп. Бәрін не үшін дайындадық? Қазір отырып алып, орындықты бергіміз келмейді. Олардың жақсырақ жұмыс істейтінін көріп отырмыз. Әйтпесе, бір жерге тоқтап, дамымай қаламыз. Сол себепті, келесі жылдың көктемінде өтетін «Jas Otan» съезінде білімді жастарды жұмылдыруды талқылауды ұсынамын», - деді партия Көшбасшысы.

26 жыл ішінде «Болашақ» бағдарламасы еліміздің стратегиялық басымдықтарына негізделе отырып, дамудың бірнеше кезеңдерінен өтті. 1994-2004 жылдары «Болашақ» халықаралық стипендиясы 785 қазақстандыққа 13 елде білім алу үшін тағайындалды. 2005-2007 жылдары жыл сайын тағайындалатын стипендия саны 3000-ға дейін көбейді. 2008-2010 жылдары ауыл жастары, мемлекеттік қызметкерлер, ғылыми-педагог қызметкерлері үшін жеңілдік санаттары, 12 айға дейін ғылыми және педагогикалық қызметкерлер үшін шетелде ғылыми тағылымдамалар бағдарламалары енгізілді. Ал 2011-2013 жылдары бакалавриат бағдарламасының күші жойылып, кадрларды іріктеу мен даярлаудың бағдарламалық-нысаналы әдісі, медициналық және инженерлік-техникалық қызметкерлерге арналған тағылымдамалар бағдарламасы енгізілді. 2005 жылдан 2013 жылға дейін «Болашақ» стипендиясы әлемнің 30 елінің 200 үздік ЖОО-да оқу үшін 10 117 қазақстандықтарға берілді. 2014-2016 жылдары әлемдік жоғары оқу орындары ТОП-200-ден ТОП-100-ге дейін қысқартылып, мамандықтар бойынша әлемдік жоғары оқу орындары ТОП-30-ға артты. 2017-2018 жылдары стипендиаттарды оқыту үшін ЖОО тізімі оңтайландырылды. Тізім әлемдік білім беру индустриясы көшбасшыларының университеттерімен толықтырылды. Болашақтықтардың бастамасы бойынша «Қазақстан-2050», «Болашақ» қауымдастығы,«ҚазАльянс» сияқты қоғамдық және студенттік қозғалыстар құрылды.

Таяуда Шетелде кадр дайындау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда тағы 234 жас қазақстандыққа магистратура мен докторатурада білім алу үшін «Болашақ» стипендиясы тағайындалды. Стипендияның 92 пайызы магистратура, 8 пайызы докторантура бағдарламасы бойынша білім алуға берілді.

Жалпы, Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғаридың айтуына қарағанда, келесі жылдан бастап үміткерлерге жаңа талап қойылады. Атап айтқанда, басымдыққа ие мамандықтарға баса назар аударылады. Стипендияға үміткерлер ағылшын тіліне жетік болғандықтан келесі жылдан бастап шетелге жібермес бұрын тілдік дайындықтан өту талабы алынып тасталады. Стипендиаттың кепілдік мүлікпен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі. Кепілдік мүлікпен қамтамасыз етудің орнына шетелге оқуға жіберуге тапсырыс беруші, Халықаралық бағдарламалар орталығы және университет арасында бірлескен үшжақты келісімшарт жасалады.

«Тағы бір жаңалық - біз квотаның барлық түрінен бас тартамыз. Қазір мемлекеттік қызметшілер үшін, инженерлік-техникалық мамандықтар үшін квота бар. Осы квоталар жойылады. Бір ғана жалпы конкурс және мақсатты дайындық болады», - деді ол.

Халықаралық бағдарламалар орталығының деректеріне сәйкес, түлектердің 40 пайыздан астама экономиканың шынайы секторында, 20 пайызы білім және ғылым саласында, 7 пайыздан астамы медицина мен денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. Болашақ түлектерінің төрттен бірі ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың топ-менеджері болып еңбек етуде.


Соңғы жаңалықтар