Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев: Мақсатымыз – Олимпиадаға сегіз салмақта да жолдама алу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Токио Олимпиадасына іріктеу турниріне қатысты ойымен бөлісіп, ҚазАқпарат тілшісіне шағын сұхбат берді.

- Ғалымбек Қалиұлы, Халықаралық Олимпиада комитетінің жұмыс тобы Қытайдағы қауіпті коронавирусқа байланысты 3-14 ақпан аралығына жоспарланған 2020 жылғы Токио Олимпиадасына Азия/Тынық мұхиты елдері боксшыларын іріктеу турнирін өзге елге, яғни Иорданияның Амман қаласына ауыстырғаны белгілі. Бұл шешім алғашқы жоспарларыңызға кері әсерін тигізіп жатқан жоқ па?

- Халықаралық Олимпиада комитетінің бұл шешімін оң қабылдадық. Себебі, әрқашан адам денсаулығы басты орында болу керек. Біз де, боксшыларымыздың бас амандығы мен қауіпсіздігін басты назарда ұстаймыз. Сондықтан, аталған турнирдің орнын ауыстырғаны өте дұрыс болды.

- Олимпиадаға іріктеу турнирінің өтетін орнымен қатар уақыты да өзгерді. Яғни алғашқы уақыт ақпан айының басы болса, енді 3-11 наурыз аралығына тура бір айға әрі сырғыды. Бұл уақыт өзгерісі ертең бәйгеге шапқалы тұрған боксшыларымыздың көңілін суытып, ары қарай жаттығуын жалғастыруға кері әсер беріп жатқан жоқ па?

- Жоқ, ешқандай кері әсері болып жатқан жоқ. Біз, осыған дейін қалай дайындалып жатсақ, ары қарай да солай жаттығуымызды жалғастыра береміз. Елордаға жиналып, жаттығуды бастағалы біраз күн болып қалды. Біздің қазіргі бар мақсатымыз – наурыздағы Олимпиадаға іріктеу турнирінде барлық салмақ түрінен жолдама жеңіп алу. Бізде дайындық үшін наурызға дейін әлі бір ай уақыт бар. Оған дейін біз тағы бір жаттығу жиынын өткізіп, дайындықты үдете түсеміз.

- Іріктеу турниріне боксшылар толық құрамда қатысады ғой?

- Бұйырса, толық құрамда барамыз деп отырмыз. Қалайда, сегіз салмақ дәрежесінің барлығында лицензияға иелік етуіміз керек. Қазір, өздеріңіз де жақсы білесіздер, Азия боксының қарқыны жоғары. Сондықтан, бізге босаңсуға болмайды.

- Иорданиядағы іріктеу жарысына баратын боксшылар тізімі белгілі болды ма?

- Токио Олимпиадасына жолдама тарататын екі турнир бар. Оның алғашқысы - осы Иорданияның Амман қаласында өтетін турнир. Екіншісі, мамыр айында Парижде өтетін әлемдік іріктеу турнирі. Біз, барынша Амман қаласында жолдама алуға күш салып жатырмыз. Сондықтан, бірінші турнирге ең мықты деген боксшыларды алып барамыз. Алайда, әзірге кімдердің баратынын айту ертерек. Себебі, жаттығу барысында кейде ойламаған жағдайлар орын алуы ықтимал. Яғни сеніп отырған бір боксшымыз жарақат алып қалып, таңдау екінші нөмірлі боксшыға түсуі де мүмкін. Сол себепті, дәл қазір нақты кімдердің баратынын айта алмаймыз.

- Осыған дейін, кәсіпқой боксшыларды Олимпиадаға қатыстыру, қатыстырмау жөнінде пікірталас болып жатқанын естіген едік. Бұл мәселе жөнінде не айтар едіңіз?

- Ол мәселе толығымен шешілген жоқ. Халықаралық Олимпиада комитеті қарастырып жатыр. Кәсіпқой рингте тек 15 жекпе-жек өткізген, әлі де атақ-даңқы шықпаған боксшыларға қатысуға рұқсат береді деп естідім. Бірақ, бұл нақты шешім емес. Сондықтан, бірдеңе айта алмаймын.

- Ал өзіңіздің жеке көзқарасыңыз қалай? Негізі, кәсіпқой боксшыларды қатыстырған дұрыс па?

- Менің ойымша, белгілі бір титулға ие болған кәсіпқой боксшыларды Олимпиадаға қатыстырудың керегі жоқ. Олардың дайындығы, жұдырықтасу техникасы өзгеше болады. Ал әуесқой боксшыларда басқаша. Кәсіпқойлар жылына 3-4 немесе, 5-6 рет қана шаршы алаңға шығады. Бізде ай сайын, әр түрлі жарыстар өтеді. Жыл бойы шаршы алаңға шығамыз. Егер, кәсіпқойларды қатыстыратын болса, олармен арнайы келісімшарт жасап, оқу-жаттығуды бірге өткізуіміз керек. Менің ойымша, кәсіпқой рингте жүрген боксшылар әуесқойға келе бермейді. Ал, әуесқойлар кәсіпқойға тез кетіп қалады.

- Әңгімеңізге рахмет! Сәттілік тілейміз...


Фото: olympic.kz


Соңғы жаңалықтар