Блокпостар алынып тасталғаннан кейін жол апаты көбейді - Қазақавтожол

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Блокпостар алынып тасталғаннан кейін жол апатының саны артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақавтожол» ЖШС-ына сілтеме жасап.

«Айта кету керек, өңірлерде «Covid-19» пандемиясының аясында карантин шарасының енгізілуіне байланысты автомобиль жолдарындағы көлік қозғалысының қарқындылығы бірнеше есе азайды. Жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға төмендеп, ал қаза болғандар саны 35% ғана болған.

Алайда автомобильдердің қозғалысына деген шектеу шараларын алып тастау және көлік ағынының артуы жол апаты санының күрт өсуіне себеп болды», делінген компанияның Facebook -тегі парақшасында.

Статистикаға сәйкес, 1-7 маусым аралығында ғана халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда 29 жол апаты болып, салдарынан 16 адам көз жұмған, 50 адам жарақат алған.
«Жыл басынан бері 642 жол-көлік оқиғасы орын алып, 193 адам қайтыс болса, өз кезегінде 2019 жылдың осы уақытында 309 адамның өлімімен 791 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Мамыр айы бойынша салыстырсақ, осы жылы 95 жол-көлік оқиғасы орын алған, бұл жағдайда жарақат алғандар саны 150 және 25 адам қайтыс болды, ал 2019 жылдың мамыр айында 154 жазатайым оқиға орын алып, 250 адам жарақат алса, 58 адам қайтыс болды», делінген хабарламада.

Жыл басынан бастап ең көп жол-көлік оқиғалары келесі облыстарда орын алған: Алматы облысында (229 оқиға, 55 өлім), Жамбылда (58 жағдай, 10 адам қайтыс болды); Шығыс Қазақстан облысында (57 оқиға, 18 адам қайтыс болды) адам); Түркістанда (55 оқиға, 22 адам қаза болды), Ақмолада (49 оқиға, 8 адам қаза тапты).
Айта кету керек, жол-көлік оқиғасы негізінен жылдамдық пен белгіленген тәртіпті бұзу салдарынан орын алады, яғни, жол ережесінің талаптарын сақтамауға байланысты жүргізушілердің кінәсінен болады.

«Қазақавтожол» жол ережесін бұзғаны үшін жазаны одан әрі қатаңдатуды, сонымен қатар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында құқық қорғау органдарының (жол-патрульдік қызметі) бақылауын күшейтуді ұсынады.

«Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында кешенді мақсатты бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында жол жамылғысындағы ақауларды жою және жол ортасының элементтерін құру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жол апаттары қаупін азайту мақсатында заманауи және инновациялық техникалық құралдар, мысалы, икемді белгі бағандары, күн сәулесімен жұмыс жасайтын катафоттар, люминесцентті шу белдеулері, жарықдиодты жол белгілері және т.б. белсенді түрде енгізілуде», делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар