Блокчейн технологиясы жемқорлықты жоюға көмектеседі – Тілектес Адамбеков

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Eurasia Blockchain Fintech Group компаниясының бас директоры Тілектес Адамбеков блокчейннің жемқорлық пен көлеңкелі экономикамен күрестегі рөлі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемде көптеген озық технологиялар бар және олардың ең озығы – Блокчейн технологиясы. Бұл технология кез келген ақпаратты цифрландыруға мүмкіндік береді. Бұл бір орталыққа бағынбайтын деректерді сақтау жүйесі. Мәселен, кез келген ұйымның деректер базасы бар, партия болса – сайлаушылар мен партия мүшелері туралы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет болса – қызметкерлер, деректер, тергеу мәліметтері және басқалары болуы мүмкін. Барлық ақпарат орталықтандырылған дерекқорға жіберіліп отырады. Тиісінше, хакерлер шабуылдағанда барлық ақпаратты бір көзден алып кетеді. Ал блокчейн тізбегі мәліметтің таралуына жол бермейді. Ақпарат бірнеше блокқа бөлініп, кездейсоқ тәртіпте қозғалады. Яғни, хакер деректер базасын бұзу үшін тұтас блоктарды жеке-жеке бұзып шығуы керек. Бұл өте қиын шаруа», - деді Т. Адамбеков ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде өткен сұхбатта.

Оның айтуынша, бір блоктың өзін бұзуға үлкен күш-жігер керек және бұзылған блок бұғатталып, қалған бөліктері қалыпты жұмысын жалғастыра береді.

«Баспадан шыққан жаңа кітапты елестетіп көрейік. Сіз кітаптың еш жерін өзгерте алмайсыз. Бір бетін жыртсаңыз, ол анық көрінеді. Маңызды беттері жоғалса, кітаптың мән-мағынасы өзгереді. Ал оның беттеріне өз ойыңызды қоссаңыз да, қарындашпен жазғандай анық байқалып тұрады. Блокчейн де тура осындай. Онда бір енгізілген ақпарат өзгермейді және өшпейді. Мұнда бір мәліметті өзгерту үшін бірнеше ұйымның келісімі қажет болады. Яғни, бір адам келіп, деректерді өз қалауынша өзгерте алмайды. Демек, адам факторын азайту мүмкіндігін береді», - деп өз сөзін толықтырды спикер.

Қазіргі уақытта блокчейн технологиясы барлық жерде қолданылады. Оның басты міндеті – кез келген ақпаратты цифрландыру. Мәселен, денсаулық сақтау саласында пациент кез келген ауруханаға барып, өзі туралы деректі қайта-қайта енгізіп жүрмейді, оны дайын жүйеден алуға рұқсатын берсе жеткілікті.

«Банк жүйесін айтар болсақ, әлбетте блокчейн транзауцияны жеделдетіп, сыбайлас жемқорлық жағдайларын болдырмайды. Өйткені, кез келген адам цифрлық әмиян ашарда цифрлық сәйкестендіру (ID) рәсімінен өтеді. Мұнда да барлық деректі бір рет енгізіп қоюға болады. Кез келген банк менеджері сіз туралы деректі қолдану үшін өзіңізден рұқсат сұрайды. Яғни, сіз туралы барлық ақпарат цифрланып, деректер базасында сақталады және оны ешкім өзгерте алмайды», - дейді Т. Адамбеков.

Сонымен бірге, блокчейн технологиясын сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикамен күресте де тиімді пайдалануға болады.

«Мәселен, жол қауіпсіздігін бақылайтын мемлекеттік инспекторлардың қолында заңбұзушылықты тіркейтін бейнекамера бар. Бірақ, мұнда адами фактор орын алып, кей инспекторлар қажет кезде камераны қоспауы да мүмкін. Немесе басқару жүйесінде отырған мамандар бейнежазбаны өшіріп тастауы мүмкін. Блокчейн-технологияда ештеңе өшірілмейді. Камерадан ереже бұзу байқалса, бірден цифрлық әмиянға айыппұл хабары келеді. Мас күйде рөлге отырып, тәртіп сақшыларына ұсталсаңыз да, бұл бейнежазба өшірілмей сақталады. Яғни, сыбайлас жемқорлық пен адами фактор өте тығыз байланысты. Адами фактор азайса, жемқорлық та сирей түседі», - деп түсіндірді маман.

Т. Адамбеков сайлау кезінде де блокчейн технологиясы көп көмегін тигізетінін еске салды.

«Блокчейн технологияларын сайлауда да қолдану керек. Егер блокчейн базасында дауыс беру платформасын құрсаңыз, кез келген азамат тіркеуден өтіп, өз дауысын бере алады. Мұнда да ешкім дауысты өзгерте алмайды, бір адам екі рет дауыс бермейді. Мемлекет те араласа алмайды. Яғни, дауыс беру жүйесінде тіркеу процесінен бастап, нақты бір кандидатқа дауыс беру, оның нәтижесін есептеу жұмыстары автоматты түрде адам факторынан тыс жүргізіледі», - дейді Т. Адамбеков.

Маманның айтуынша, Қазақстанда ең алдымен ұсақ параларды, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою қажет.

«Өкінішке қарай, құқық қорғау органдары, прокуратура, полиция департаменттері, ТЖ бөлімдері, СЭС-тегі ұсақ параларды тоқтату керек. Ол үшін адами факторды барынша азайтып, жаңа технологияларды жаппай енгізу керек. Азаматтар үйден шықпай-ақ, кез келген мемлекеттік қызметті алуы керек. Блокчейн технологиясын енгізу мен инфрақұрылымын жасаудың өте қымбат жоба екені рас, бірақ өзіміздің киберқауіпсіздігімізді қолға алып, деректердің ұрлануына жол бермей, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін аса қажетті қадам», - дейді Тілектес Адамбеков.


Соңғы жаңалықтар