БҚО шекараларындағы автоөткелдерде санитарлық талаптар күшейтілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес БҚО-да Ресеймен шекарадағы 4 автоөткелде карантиндік-санитарлық бекеттердің жұмысы күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, аталмыш автоөткелдерден жаяу өткен адамдардан ПТР әдісімен COVID-19-ға тестіден өткені жөнінде анықтамалар талап етілуде.

Өткен тәулікте «Сырым» автоөткелінен 222 жүк көлігі және қазақстандық үш азамат жаяу өткен. Жаяу жүргіншілердің қолында анықтамалары болған.

«Ақсай» бекетінен 8 жүк көлігі өтті, жаяу жүргіншілер жоқ.

«Тасқала» бекетінен 12 жүк көлігі, 8 жаяу адам өтті. Жаяу жүргіншілердің ешқайсысында да ПТР тест анықтамасы болмағандықтан, азаматтар Тасқала ауылындағы карантиндік стационарға жатқызылды. Олардан зертханаға сынама алынды.

«Жәнібек» бекетінен 3 жүк көлігі өткен, жаяу жүргіншілер болмады.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Жалпы, облыстағы эпидемиологиялық ахуал салыстырмалы түрде тұрақты. Өңірде осы кезге дейін коронавирус жұқпасымен 6872 адам тіркеліп, соның 6747-сі жазылып

шықты. 109 адам көз жұмды.

Өткен тәулікте екі адамнан коронавирус анықталды. Оның біреуі бұрын ауырған адаммен қарым-қатынаста болған.

Екіншісі ЖРВЖ белгілерімен өздігінен емханаға жүгінген.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-мен көршілес Ресей облыстарында коронавирус көп тіркеліп отырғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар