БҚО-ның Қарашығанақ кенішінде карантин алынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қарашығанақ кенішінде жарияланған карантин бүгіннен бастап алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, сонымен қатар облыстың бірнеше ауданында карантин әлі де күшінде.

Атап айтқанда, Сырым ауданы Жымпиты, Жәнібек ауданы Қамысты және Борсы, Тасқала ауданы Тасқала ауылында карантин сақталып отыр.

Күні бүгінге дейін өңірде 776 науқас тіркелсе, соның 344-і жазылып шықты.

Қазіргі таңда 32 адам провизорлық, 127 адам карантиндік стационарда жатса, үйлерінде оқшауланғандар саны 1894-ке жетті.

Облыста соңғы анықталған 22 науқастың 20-сы – Орал қаласының тұрғындары. Қалған екеуі Сырым және Қаратөбе ауданынан. Соның ішінде төртеуі – бұрын коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандар. 5 адамнан профилактикалық мақсатта, 13 науқастан эпидкөрсеткіш бойынша сынама алынды.

Өңірде індетке қарсы күрес жалғасуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қарашығанақ кенішінде карантин жарияланғанын жазған болатынбыз.

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» (ҚПО б.в.) компаниясы да өзінің сайтында бір қызметкерінен коронавирус табылып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылғанын растаған еді. Кейін «ҚПО б.в.» компаниясы мердігері SICIM фирмасының үш қызметкерінен де індет анықталғанын жария етті. Осыған байланысты Қарашығанақ кенішінде орналасқан SICIM компаниясының барлық қызметкерлері тестілеуден өткізілуде.



Соңғы жаңалықтар