БҚО мектептеріне видеокамералар орнатылып жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Батыс Қазақстан облысында мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев мәлім еткеніндей, сондай-ақ білім нысандарының санитарлық талаптарға сай болуы үшін жағдай жасалуда.

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дәретханаларды мектеп ішіне орнату жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 310 млн теңгеге 139 оқу мекемесінде мектепішілік дәретхана, 206 млн теңгеге бейнебақылау камералары орнатылды.

Өңір басшысының сөзіне қарағанда, тағы бір маңызды мәселе – жол қауіпсіздігі. Өткен жыл соңында Оралда көшенің қараңғы тұсында көлік қағып кеткен 10 жасар қыздың көз жұмғаны белгілі. Сондай қайғылы оқиғаның қайталанбауы үшін қала әкімдігіне арнайы комиссия құрып, шаһардың қауіпті тұстарын анықтау тапсырылған болатын.

«Қазіргі таңда қаланың үлкен көшелеріне 4 мыңға жуық жарық шамы орнатылса, 8 қауіпті қиылысқа бағдаршам қойылды. Жыл соңына дейін тағы 15 мың жарық шамын ауыстыру жоспарда тұр. 62 жаяу жүргінші жолын жарықтандыру жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталады», деді Ғ.Есқалиев.

Орал қаласында балалар зардап шегетін жол-көлік апаттарын болдырмау мақсатында 20 мектеп жанына бағдаршам орнатылып, жаяу жүргіншілер жолағы жасалды. Мұндай жұмыстар ауыл мектептері маңында да жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 4,5 млрд теңгеге 33 білім нысаны күрделі жөнделіп жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар