БҚО мәслихатында үш саяси партияға депутаттық мандат бөлінді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында сайлауға 283269 адам немесе сайлаушылардың 62,4 пайызы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Саяси науқан қорытындысын жария еткен облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың айтуынша, соның ішінде 276998-і дауыс беріп, өз таңдауларын жасады.

Сайлаушылардың 222616-ы немесе 81,25 пайызы «|Nur Otan» партиясын қолдаса, 22669-ы немесе 8,27 пайызы «Ауыл» партиясын, 22967-і немесе 8,38 пайызы «Ақ жол» партиясын жақтап, дауыс берді. «Адал» партиясы (5746 сайлаушы) 2,1 пайыз дауыс жинады.

Саяси партиялардың жіберген квотасы бойынша «Nur Otan», «Ауыл», «Ақжол» партияларына депутаттық мандат бөлінді. Осылайша облыстық мәслихаттың депутаттығына «Nur Otan» партиясынан 25, «Ауылдан» 3, «Ақ жолдан» 3 адам өтті.

«Барлық деңгейдегі мәслихаттар бойынша облыста 190 депутат мандат алады. Әр партия өз шешімдерімен облыстық сайлау комиссиясына депутаттардың аты-жөндерін береді. Біз олардың тізімдерін жариялап, әр депутатқа куәлік, төсбелгі әзірлейміз. Облыс бойынша сайлау ұйымшылдықпен өтті. Байқаушылар саяси доданың жоғары деңгейде өткенін жеткізді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан, сондай-ақ халықаралық байқаушылар тарапынан айтарлықтай ескертпелер болған жоқ. Орал қаласында сайлаушылардың 40 пайызы дауыс берсе, аудандарда көрсеткіш жоғары. 95 пайызға дейін сайлаушылары қатысқан аудандар бар», –деді Ғайса Хамидоллаұлы.

Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Вячеслав Иночкин сайлау кезінде барлық санитарлық талаптардың сақталғанын жеткізді. Сайлау учаскелерінде 2429 адам болса, соның 568-і – сенімді өкілдер, 1333 байқаушының 478-і қоғамдық бірлестіктерден, 31-і бұқаралық ақпарат құралдарынан келді. 14 халықаралық байқаушының екеуі ЕҚЫҰ-дан болса, 12-сі ТМД атынан қатысты.


Соңғы жаңалықтар