БҚО қазақ драма театрында жаңа премьераның қойылымы болды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында орыс драматургі Алексей Житковскийдің «Ағаш отырғызу» атты туындысы бойынша премьераның қойылымы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спектакльді театрдың көркемдік жетекшісі, «Парасат» орденінің иегері Нұрлыгүл Жұбатова қойса, қазақшаға аударған - батысқазақстандық қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дариға Мұштанова.

Суретші Мұрат Мәмбетов безендірген сахнада негізгі тартыс ағаш отырғызуға шыққан әке (Асылжан Жакин) мен бала (Сұлтанмухаммедшах Төлеуов) арасында өрбиді.

Бірін-бірі сөзбен түйреп, түсіне алмауға дейін жеткен таласқа кейін сол маңды қоритын күзетшілер (Салауат Түменов пен Райымбек Ермек) араласады.

Сөйтсе, әке мен бала ағаш отырғызамын деп жүріп, біреудің жекеменшік жеріне, гольф алаңына кіріп кетіп, жерін қазып тастаған шығады.

Енді қымбат жерді қалай қалпына келтіреміз деп таласады. Әкенің базардан сатып алған алма ағашы да пластик екен.

Ақыры бәрі жасанды ағашты отырғызып, мәселені шешкендей болады.

«Туындыны шәкіртім Нұрлыгүл Жұбатова сахналаса, жастар өз рольдерін барынша алып шықты. Бұл спектакль «біз қандай ұрпақ тәрбиелеудеміз, қоғам қайда бара жатыр, жай ғана пластика емес, біздің ойлау жүйеміздің өзі пластикаға айналып бара жатыр ма?» деген сауалдарға жауап іздейді. Күліп отырып, ойланатын дүние екен. Ең бастысы, қойылымның ғұмыры ұзақ болсын», - деді премьераға қатысқан белгілі режиссер әрі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахманов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО қазақ театрының жаңа маусымы «Томирис» трагедиясымен ашылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар