БҚО фермерлері субсидия талаптарының жиі өзгеретініне алаңдаушылық білдірді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Сенат депутаттары Нариман Төреғалиев пен Ләззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысының шаруаларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенат депутаттары Нариман Төреғалиев пен Ләззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысындағы Сырым, Теректі және Бәйтерек аудандарының шаруа қожалықтарында болып, олардың басшыларымен және қызметкерлерімен кездесті.

Сенаторлар фермерлермен жүздесу кезінде жемшөп дайындау жұмысының барысын талқылады.

Кездесу барысында сондай-ақ жемшөп жинау жабдықтары мен техникасына бағаның өсуі мәселесі көтерілді.

Депутаттар бұл мәселе ел басшылығының бақылауында екенін және сенаторлар өз тарапынан туындаған проблемаларды шешуге белсенді түрде жәрдемдесетінін атап өтті.

Фермерлер сонымен қатар субсидия беру ережелері жиі өзгеріп отыратындығына да алаңдаушылық білдірді.

Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолайсыздық туғызады және оларға өз қызметін жоспарлауға мүмкіндік бермейді.

Депутаттар бұл мәселені Сенатта қарау аса маңызды болатынын атап өтті.

Нариман Төреғалиев пен Ләззат Рысбекова Бөрлі және Шыңғырлау аудандарында да болды. Сенаторлар ауыл тұрғындарымен кездесу барысында оларға өткен сессия барысында қабылданған заңдардың негізгі ережелері туралы айтып берді.

Депутаттар сондай-ақ жол, көппәтерлі үй және спорт кешені құрылыстарының барысымен танысты.

Олар атқарылатын құрылыс жұмыстарының сапасын сақтау және бөлінген қаражаттың игерілуін тиімді бақылау қажеттігін мердігерлер мен әкімдіктің есіне салды.


Соңғы жаңалықтар