БҚО-да жыл басынан бері мыңға жуық адамнан коронавирус табылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 925 адамнан коронавирус табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, соңғы аптада (15-21 қаңтар) алдыңғы аптамен (8-14 қаңтар) салыстырғанда, сырқаттанушылық деңгейі 11,8 пайызға (331-ден 353-ке) өскен.

Вирус жұқтырудың ең жоғары көрсеткіші Орал қаласында тіркелді. Мұнда 364 адамнан коронавирус табылып, 100 мың тұрғынға шаққанда 107,9-дан шығып тұр. Сондай-ақ Бәйтерек (162 адам) ауданында 100 мың тұрғынға 249,9-дан, Бөрліде (151) 254,7-ден келеді.

ЖРВИ белгілері бар науқастарды тексеру кезінде 441 (47 пайыз), бұрын ауырғандармен байланыста болған 273 (29 пайыз), кәсіби мақсатта сынама алынған 170 (18 пайыз) және стационарларға емдеуге жатқызар алдында тексерілген 41 адамнан (4 пайыз) вирус анықталды. Осылармен қарым-қатынаста болған 1463 адам тексеріліп, медициналық бақылауға алынды.

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, ауырғандардың 377-сі немесе 40,7 пайызы – жұмыс істейтін адамдар, 196-сы (21,1 пайызы) – зейнеткерлер, 165-і (17,8 пайызы) – жұмыссыздар, 75-і (8,1 пайызы) – оқушылар, 46-сы (4,9 пайызы) – мұғалімдер, 31-і (3,3 пайызы) – медицина қызметкерлері, 15-і (1,6 пайызы) – студенттер, 12-сі (1,2 пайызы) – ұйымдастырылмаған балалар, төртеуі (0,4 пайызы) – күштік құрылымдар өкілдері, үшеуі (0,3 пайызы) – балабақша тәрбиешілері, біреуі (0,1 пайызы) – ұйымдастырылған бала.

«Оқу жылының басынан бері 263 шәкірттің сырқаттанғаны тіркелді, олардың 131-і штаттық режимде, 132-сі қашықтан оқытылған. Ал үшінші тоқсанда 11 қаңтардан бастап 48 оқушының індет жұқтырғаны расталды. Олардың 16-сы қашықтан, 33-і дәстүрлі сипатта білім алады. Соған сәйкес қала мен аудандардың бас мемлекеттік санитар дәрігерлерінің қаулысымен 15 мектепте ауру шыққан сыныптар карантинге жабылды», деді Н.Мұстаев.

Қазіргі кезде өңірде 13 зертхана жұмыс жасауда. Індет басталғаннан бері барлығы 258285, ал қаңтар айында 39670 ПТР зерттеу жүргізілді.

Қаңтарда 14249 адам мемлекеттік шекарадан өтсе, соның 3711-і – жолаушылар. Анықтамасыз өткен 390 адамның екеуінен індет табылды. Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын 7009 жүргізушінің 2883-інде анықтама болған жоқ. 3 жүргізушінің коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда карантиндік шектеу шаралары күшейтілетінін, инфекциялық стационарларда жатқандар саны 300-ден асқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар