БҚО-да жетім балаларға бастапқы жарнасыз жеңілдетілген несие беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жетім балаларға бастапқы жарнасыз және төмен пайызбен үй беріледі. Бұл туралы өңір әкімі Ғали Есқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жетім балаларды қолдау бағдарламасы аясында БҚО әкімдігі Отбасы банк арқылы үй алу үшін аз пайызбен несие береді. Несие 15 жыл мерзімге бастапқы жарнасыз ұсынылады. Бұл жобаны іске асыру үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді»,- деді облыс әкімі.

Ғали Есқалиевтің мәліметінше, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға жыл сайын 40-50 жалдамалы пәтер беріліп отырады. Дегенмен бұл көрсеткіш мәселені толық шеше алмайтыны атап өтілді. Бүгінде 2 мыңнан астам жетім бала кезекте тұр.

«Биыл жалдамалы пәтер құнын субсидиялау бойынша жаңа бағдарлама іске қосылды. Сондықтан аталған санатқа кіретін адамдарға осы жоба арқылы көмек көрсетуді жоспарлап отырмыз. Яғни, жалдамалы пәтер құнының 50 пайызын мемлекет өтейді. Егер жұмыс істейтін жетім балалар қарызын уақытылы жауып отырса, онда алдағы уақытта сол өзі тұрып жатқан пәтерді сатып алуға құқық беріледі. Бағдарлама жақсы нәтиже көрсетіп жатса, жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлуді қарастырып отрымыз», - деп атап өтті Ғали Есқалиев.

Облыс әкімінің ақпаратынша, биыл БҚО-да жыл соңына дейін 600 мың шаршы метр баспана тапсыру көзделген. Сондай-ақ кезекте тұрған азаматтарға жалдамалы пәтер құнының жартысын субсидиялау бағдарламасы енгізіледі. Бүгінде бағдарлама бойынша 150 адамның өтініші мақұлданды.


Соңғы жаңалықтар