БҚО-да жемқорлық дерегіне байланысты аудан әкімі қызметінен кетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жемқорлық дерегіне байланысты аудан әкімі қызметінен кетіп, орнына жаңа басшы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, өткен жылдың аяғында Шыңғырлау ауданында білім беру бөлімі басшысына қатысты жемқорлық дерегі тіркелген болатын.

Осыған байланысты Ержан Тұрмағамбетов өз еркімен аудан әкімі ретіндегі қызметінен кету туралы шешім қабылдап, өтініш білдірді.

Облыс әкімі Ержан Рысжанұлының өтінішін мақұлдады.

Жаңа ереже шықпас бұрын орын алған оқиға болғанымен, осындай қадамға барған Е.Тұрмағамбетов тәжірибесі мол мемлекеттік қызметші ретінде кадр резервінде болады.

ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат келісімімен меритократия қағидасына сәйкес Әлия Мұханбетжанова Шыңғырлау ауданының әкімі болып тағайындалды.

Әлия Биғазықызы 1978 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. Батыс Қазақстан мемлекеттік аграрлық университетін агрохимия және топырақтану, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мамандықтары бойынша бітірген.

Әр жылдары Зеленов (қазір Бәйтерек) ауданы Кожевников орта мектебінің мұғалімі, жер ресурстарын басқару жөніндегі Зеленов аудандық бөлімінің жетекші маманы, осы ауданда ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы, жер қатынастары бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.

2014 жылдың тамыз айынан бастап БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы болды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да пара алды деген күдікпен аудандық білім беру бөлімінің басшысы ұсталғанын жазған болатынбыз.

Кейін А.Сапаров сот үкімімен 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.



Соңғы жаңалықтар