БҚО-да жаназаға барған ауыл мұғалімінен коронавирус табылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында садақаға барған ауыл мұғалімінен коронавирус табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға Ақжайық ауданы Бударин ауылында болды.

Бударин мектеп-бөбекжай кешенінің мұғалімі холецистит ауруымен дәрігерге жүгінген кезде оның COVID-19 жұқтырғаны анықталды. Содан кейін мұғалім жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.

Ол осының алдында Ақтөбе қаласына садақаға барып келген.

Үйінде және мектепте мұғаліммен қарым-қатынаста болғандардан алынған сынама теріс нәтиже, яғни коронавирустың жоқтығын көрсетті.

Аудандық бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес 9-11 сынып оқушылары қашықтан оқытуға, үй карантиніне ауыстырылған.

Мектепте қорытынды дезинфекция шаралары жүргізілді.

Облыста осы кезге дейін 6975 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болып, соның 6800-і жазылып шықты. Соның ішінде Орал қаласында – дертке шалдыққан 3813, Ақжайық ауданында – 345, Бөкей ордасында – 76, Бөрліде – 752, Жаңақалада – 140, Жәнібекте – 202, Бәйтеректе – 543, Қазталовта – 233, Қаратөбеде – 73, Сырымда – 239, Тасқалада – 101, Теректіде – 326, Шыңғырлауда 132 адам тіркелді.

Індеттен 117 адам көз жұмды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да карантин тәртібін бұзғандарға 14 млн теңге айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар