БҚО-да төртінші тоқсанда 115 оқушыдан коронавирус табылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында төртінші тоқсанда 115 оқушыдан коронавирус табылды. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен жедел штаб отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, 1 сәуірден бері індет анықталған 115 оқушының 39-ы дәстүрлі түрде, 76-сы қашықтан оқиды.

Қала мен аудандар бас мемлекеттік санитар дәрігерлерінің қаулысына сәйкес 18 мектепте 33 сынып, 9 балабақшада 11, 1 орта арнаулы оқу орнында 1 топ карантинге жабылды.

Жыл басынан бері өңірде коронавирус жұқтырғандар саны 7177-ге жетті.

Сәуір айында 1352 адамнан індет анықталды. Алдыңғы аптамен (30 наурыз – 5 сәуір, 725) салыстырғанда, соңғы жеті күнде (6-12 сәуір, 821) ауру жұқтыру көрсеткіші 11,6 пайызға өсті.

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, өңір үш аптадан астам уақыт бойы «қызыл» аймақта тұр. Облыстың ішінде Орал қаласы, Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Қазталов, Тасқала, Шыңғырлау «қызыл», Теректі, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек «сары», Сырым мен Қаратөбе аудандары «жасыл» аймақта тұр.

Ауырғандардың 52,4 пайызы (709) Орал қаласы, сондай-ақ 13,3 пайызы (181) Бәйтерек, 13 пайызы (176) Бөрлі аудандарының үлесіне тиеді.

Сәуірде індет жұқтырғандармен байланыста болған 2598 адам медициналық бақылауға алынды.

Осы айда 26178 ПТР зерттеу (күніне орта есеппен 2181) жүргізілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің айтуынша, өңірде жыл басынан бері коронавирустан 89 адам көз жұмды.

Соның ішінде қаңтарда – 28, ақпанда – 15, наурызда – 30, сәуірде 16 адам өмірден озды. Олардың 48-і – әйелдер, 41-і – ер адамдар. Қалада 79, аудандарда 10 адам қайтқан.

«Індеттен қайтыс болғандардың дені, яғни 73 пайызы – 65 жастан асқандар, 26 пайызы – 40-65 жастағылар, 1 пайызы – 40 жасқа дейінгілер. Сонымен қатар 95 пайызының (82 адамның) созылмалы ауруы болған. Былайша айтқанда, 71 пайызы жүрек-қан тамырлары, 13 пайызы қант диабетіне, 8 пайызы басқа дертке шалдыққан. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына жол бермеу үшін барлық тұрғындарды карантиндік талаптарды сақтауға шақырамын», деді А.Қалибеков.

Облыс әкімі Ғ.Есқалиев басқа өңірлермен салыстырғанда, БҚО-да қауіпті жағдайдың қалыптасып отырғанын, қайтыс болғандар арасында жасы ұлғайған адамдардың көп екендігін, сондықтан сақтық шараларын күшейту, көпшілік жиналатын жерлерге бармау қажеттігін атап көрсетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда бір күнде 3 мыңнан астам адамның індетке қарсы егілгенін, бір аптада 821 адамнан коронавирус табылғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар