БҚО-да шектеу шаралары енгізілгеннен бері 88 адам жауапқа тартылған

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында карантиндік шектеу шаралары енгізілгеннен бері 88 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі Болатбек Белгібековтің айтуынша, кешеден бері бүгін 18.00-ге дейін өңірде осыншама адамның төтенше жағдай талабын бұзғандығы анықталды.

Оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексі 476-бабы 6-тармағына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл бап бойынша әкімшілік жауапқа тартылғандарға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамаққа алынады.

«Карантин кезінде барлық азаматтардан орнатылған тәртіпті сақтап, полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынуды сұраймыз. Блокпостардан бірінші кезекте қажетті тауарлар тиелген жүк көліктері өтеді. Жеке көліктер құжаттары дұрыс болған жағдайда кезек бойынша жіберіледі. Мұндайда кезектің де орын алатыны белгілі. Сондықтан осының бәріне түсіністікпен қараған жөн. Ең бастысы, қауіпсіздік талаптарын сақтап, жұмысқа бармайтын тұрғындардың аса қажеттілік туындамаса, өз үйлерінен шықпағаны дұрыс», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да мыңнан астам адам бақылауда екенін, төтенше жағдай талабын бұзған ақтөбелік жүргізушінің қамауға алынғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар