БҚО-да шаруа қожалықтары басшыларынан пара алған шенеунік сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында шаруа қожалықтары басшыларынан пара алған шенеунік сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Қазталов ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы А.Ғизатуллин 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Сонымен қатар ол Қазталов аудандық сотының үкімімен өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

А.Ғизатуллин 2018 жылы қызмет бабын асыра пайдалана отырып, шаруа қожалықтары басшыларынан 390 мың теңге көлемінде пара алған. Осы қаржыға ол жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал шаруашылығын сумен қамтамасыз ету шығындарын өтеу үшін шаруа қожалықтарының кедергісіз демеуқаржы алуына көмектескен.

Атап айтқанда, 2017-2021 жылдарға арналған ҚР агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар шаруа қожалықтарында құдықтар қазылған. Соны тексерген А.Ғизатуллин құдықтың тереңдігін өлшемей, тек сыртқы тексеру және судың бар-жоғын қараумен шектелген. Құдықтың тереңдігі сәйкес келмесе де, шаруа қожалықтарынан пара алып, құдықтар демеуқаржы алуға сай келеді деп көрсеткен.

Аталған қылмыстың жасалуына ықпал еткен жағдайларды жою жөнінде шаралар қабылдау мақсатында облыс әкімі аппаратына ҚР Қылмыстық процесс жүргізу кодексінің 200-бабы тәртібінде тиісті ұсыным жіберілді.

Сонымен қатар тиісті бақылаудың жоқтығы және қарауындағы қызметкерлермен алдын алу жұмыстарының әлсіздігі үшін Қазталов ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысын тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарау ұсынылды.


Соңғы жаңалықтар