БҚО-да республикалық құсбегілер турнирінің жеңімпаздары анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Жайық қыраны-2020» республикалық құсбегілер турнирі мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақ Жайық өңірінде екінші рет ұйымдастырылған сайыс бұл жолы Теректі ауданындағы Шалқар көлі жағасында өтті.

Сасай мен Сантас тауларының баурайына Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан құсбегілер жиналды.

Үш күнге созылған құсбегілер сатысының қорытындысында жеңімпаздар есімі жария етілді.

Барлығы 14 бүркітшінің арасынан нұрсұлтандық Серікбек Күнтуған Алғырымен 50 ұпай жинап, бірінші орынға ие болды. Алматы облысынан келген Ғабит Таңатов Өткірімен (48 ұпай) екінші, маңғыстаулық Айшуақ Тайманов Ақбалағымнн үшінші орынға көтерілді.

Сегіз ителгі баптаушыдан Алматы облысынан Жұлдызбегімен келген Қуаныш Исабековтің бағы жанды. Атыраулық Арман Кушкаров Сомбалағымен, маңғыстаулық А.Тайманов Ақбалағымен екінші-үшінші орындарды бөлісті.

Қаршыға баптаушылардан Алматы облысынан келген Сағыныш Баетбай Көкжендетімен алдына жан салмады. Елордалық Ерасыл Серікбекұлы Чипогымен және батысқазақстандық Мұратбек Балтабеков Ұшқырымен үздік үштікке ілікті.

Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов өңірде саятшылық өнерді дамытуда мұндай турнирдің маңызы зор екендігін жеткізіп, оған айрықша үлесін қосып жүрген батысқазақстандық өлкетанушы Айболат Құрымбаевқа алғысын білдірді.










Соңғы жаңалықтар