БҚО-да Ресей шекарасынан Қазақстанға өткен 8 адамнан коронавирус анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 6-14 қазан аралығында Ресеймен шекарадағы автоөткелдерден Қазақстанға 4942 адам өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәлім еткеніндей, соның 1287-сі – жолаушылар. Олардың арасындағы 951 жолаушының қолында COVID-19-ға тексеруден өткені жөнінде анықтамасы болған. Анықтамасы жоқ 358 адам түгелдей екі тәулікке карантиндік стационарға жатқызылды. Соның ішінде 8 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Бұлардың бесеуі – «Сырым», екеуі «Тасқала», біреуі «Ақсай» бекетінен өткен.

Анықтамасы жоқ 56 шетелдік азамат кері қайтарылды.

Соңғы тәулікте шекарадан 508 адам өтсе, соның 146-сы – жолаушылар. Анықтамасы жоқ 26 адам карантиндік стационарға жатқызылды. Үшеуінен індет табылды.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес облысымен шектеседі.

Шекарада тұрған 4 автоөткелде санитарлық-карантиндік бекеттер бар. Онда эпидемиолог мамандар сауалнама жүргізіп, келгендердің қызуын өлшеп, анықтамасының бар-жоғын тексеруде.

«Көршілес Ресей елінде коронавирустың өрши түсуі алаңдатады. Тек соңғы тәулікте 14 мың адамнан індет анықталып отыр. Сондықтан шекараларда карантиндік шаралар күшейтіледі. Қазіргі кезде жаңа қаулы әзірленуде», - деді М.Арыспаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирустан қайтқандардың 70 пайыздан астамы егде адамдар екендігін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ індет анықталған балабақша карантинге жабылды.


Соңғы жаңалықтар