БҚО-да полиция қызметкері қағып кеткен ер адам көз жұмды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкері көлігімен қағып кеткен ер адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, ер адам Орал қалалық көпбейінді ауруханасының жансақтау бөлімінде бүгін таңмен қайтыс болды.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, оқиға Тасқала ауданы орталығында орын алды.

Аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы Сәкен Қазжанов 2 желтоқсан күні «Шевроле Нива» автокөлігімен 56 жасар тұрғынды қағып кетіп, ер адам қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған еді.

Полиция қызметкеріне қатысты ҚР ҚК 345-бабы 2-бөлігі (абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) және 347-бабы 1-бөлігіне (жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу) сәйкес қылмыстық іс қозғалған болатын.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, С.Қазжанов қызметінен босатылды. Сондай-ақ аталған қылмыстық іс ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне (абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) қайта дәрежеленді.

Соңғы жаңалықтар