БҚО-да маусым айында 1300-ден астам адам коронавирус жұқтырған

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында маусым айында 1313 адам коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, соның 60 пайызы (789) ЖРВИ белгілері бойынша тексерілген.

Сондай-ақ 29,3 пайызы (385) бұрын ауырғандармен жақын қарым-қатынаста болған. 127 адамнан (9,6 пайыз) профилактикалық мақсатта, 12-сінен (0,9 пайыз) стационарға жатқызар алдында сынама алынған.

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, соңғы аптада (11-17 маусым) алдыңғымен (4-10 маусым) салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 10,5 пайызға (548-ден 490-ға) төмендеді.

Маусымның 1-інен бері зертханаларда 35764 ПТР тест зерттеуі (орта есеппен күніне 2103) жүргізілді.

Инфекция көздерінің 35,5 пайызы (467) қоғамдық көліктерде, 33,9 пайызы (433) адамдар көп жиналатын орындарда, 28,7 пайызы (374) үй ошағында, 2,1 пайызы (28) еске алу, үйлену, басқа тойларға қатысу кезінде, 0,8 пайызы (11) жұмыс орнында анықталып отыр.

Өңірде індет басталғаннан бері 23871, соңғы тәулікте 71 адамнан коронавирус табылды.

«Облыс бойынша барлығы 505 нысан «Ashyq« қосымшасымен жұмыс істейді. 1 маусымнан бері «Ashyq« жобасына қатысатын нысандарға үйлерінде оқшаулануға тиіс қызыл немесе сары мәртебесі 91 адамның келгені анықталды. Соның ішінде Оралда қызыл мәртебесімен 40, сарымен 36, Ақсай қаласында қызылмен 4, сарымен 3, Бәйтерек ауданында сарымен 2, Тасқалада сарымен 3, Казталовта сарымен 2, Теректіде сарымен 1 адамның жүргені белгілі болды», деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 62 мыңнан астам доза ресейлік вакцинаның жеткізілгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар