БҚО-да «Лидер» қаржы пирамидасынан зардап шеккендер іздестірілуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстанда «Лидер» қаржы пирамидасынан зардап шеккендер іздестірілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті мәлім еткеніндей, қазіргі кезде қаржылық (инвестициялық) пирамида құру дерегіне қатысты ҚР ҚК 217-бабына сәйкес қылмыстық іс тергелуде.

Аталмыш департаментке алданып қалған азаматтан арыз түскен. Ол «Лидер» жобасы бойынша инвестицияланған қаражаттың 10 күн ішінде 100 пайыз сыйақымен қайтарылатыны жөнінде WhatsApp мессенджері арқылы таралған хабарламаға сеніп қалып, 55 мың теңгесін аударып жіберген. Алайда шарт орындалмай, ақшасынан айырылған.

«Біз басқа да алданып қалған тұрғындарды іздестірудеміз. «Лидер» пирамидасынан зардап шеккендер 8-711-2-53-84-27 телефонына хабарласа алады», деп хабарлады БҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 10,4 млн астам теңгені жымқырған балабақша бухгалтері сотталғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар