БҚО-да қостанайлық алаяқ 82 жастағы әйелдің 1,9 млн теңгесін жымқырып кеткен

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қостанайлық алаяқ 82 жастағы әйелдің 1,9 млн теңгесін жымқырып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, алаяқ әйел ұлымен бірге Ақтөбе облысында ұсталды.

Оқиға 23 тамыз күні Теректі ауданы Ақжайық ауылында болды. 1939 жылғы әйелдің үйіне сыған әйел келіп, диагноз қойып беретінін айтқан. Сосын оған дуа түскенін, түрлі ауруға шалдыққанын жеткізіп, бұдан арылтатынын жеткізген. Содан кейін зейнеткерді сиқырлап, үйдегі барлық ақшаны көрсетуін сұраған. Ақыры емге зияны тимеуі үшін бұл жөнінде ешкімге тіс жармауы керектігін ескертіп, машинамен тайып тұрған. Автокөлік рулінде оның 23 жасар ұлы болған.

«Бұған күдіктенген зейнеткер әйелдің күйеуі ақшаны таяу маңдағы сауда нүктесіне барып, тексерткен кезде жалған болып шыққан. Полицейлер алаяқтардың ізіне бейнебақылау арқылы түсті. Сол түні оларды департаменттің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қолға түсірді.

Жымқырылған ақшаның бір бөлігі тәркіленді», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 190-бабына (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда полицейге пара бермек болған мас жүргізушінің ұсталғанын жазған едік.



Соңғы жаңалықтар