БҚО-да коронавирусқа шалдыққан 4 науқастың жағдайы ауыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирусқа шалдыққан 4 науқастың жағдайы ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметованың айтуынша, 56 адам - жеңіл, 29 адамның жағдайы - орташа халде.

Ал 67 адамның ауруы байқалмай өтуде. Ауруханада барлығы 156 адам ем алып жатыр.

Күні бүгінге дейін өңірде 173 адам жазылып шықты.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, қазіргі таңда сондай-ақ 3 адам провизорлық, 126 адам карантиндік стационарда жатыр. Үйлерінде оқшауланған 1634 адамды медицина қызметкерлері бақылауда.

Облыс бойынша коронавирус жұқтырған 329 адам тіркелсе, соның 239-ы – сырттан келгендер. Соның ішінде 171-і – Ресейден, 67-сі – Атырау облысындағы Теңіз кен орнынан және біреуі Германиядан келген.

Бұл жерде айта кету керек, осы кезге дейін Теңіз кенішінде жұмыс істейтін 2570 тұрғын оралған. Солардың арасынан алғашқы тест қорытындысы теріс нәтиже көрсеткендер де бақыланады. Себебі үйлерінде оқшауланғаннан кейін жеті-сегіз күндей өткен соң ауру белгілері байқалып, ауруханаға жатқызылып жатқандар да бар.

Сондай-ақ 90 науқас бұрын коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болса, соның 64-і – медицина қызметкерлері.

Департамент мамандары өңірде коронавирус жұқтыру қаупі әлі де сейілмегендігін, сондықтан тұрғындар көшеде жүргенде, көпшілік орындарға барғанда, арақашықтықты сақтап, жеке қорғаныс құралдарын пайдалану керектігін жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 1,5 мыңнан астам адамның үй карантинінде жатқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар