БҚО-да кісі өлтірген 39 жастағы күдікті ұсталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО-да кісі өлтірді деген күдікпен 39 жастағы тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға Шыңғырлау ауданында болды.

Биылғы 19 қыркүйекте Шыңғырлау ауылының тұрғыны (әйел) 1962 жылғы бауырының жоғалып кеткені жөнінде полицияға жүгінген.

Іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлерімен бірге жұртшылық өкілдері, еріктілер қатысты.

Ақыры 1 қазан күні тәртіп сақшылары ауылдағы орман арасынан зорлық-зомбылық белгілерімен аталған азаматтың мүрдесін тапты.

Осы оқиға бойынша ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес (кісі өлтіру) қылмыстық іс қозғалып, Шыңғырлау аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы аяғынан тік тұрды.

Соның нәтижесінде 3 қазан күні күдікті анықталып, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі 128-бабына сәйкес уақытша оқшаулау изоляторына жатқызылды. Бір күннен кейін ол Шыңғырлау аудандық сотымен тұтқындалды.

Күдікті жұмыс жасамайтын, бұрын сотталмаған осы ауданның 1980 жылғы тұрғыны болып шықты.

Қазіргі кезде бірқатар сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да орман арасынан ер адамның мүрдесі табылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар