БҚО-да қараша айында коронавирус жұқтырғандар саны 500-ден асты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 1-16 қараша аралығында 503 адамның коронавирус жұқтырғаны тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 205-інде ауру белгілері болған. Қалған 298-інде ауру белгілері жоқ.

Осы мерзімде ауырғандардың 360-ы немесе 71,5 пайызы Орал қаласының үлесіне тиеді. Сондай-ақ Бәйтерек ауданында – 63, Бөрліде – 32, Теректіде – 12, Шыңғырлауда – 10, Жәнібекте – 8, Қазталовта – 7, Жаңақалада – 6, Сырымда – 4, Қаратөбеде – 3, Бөкей ордасы мен Ақжайықта бір-бірден адамның ковид жұқтырғаны белгілі болды.

Қараша айында мемлекеттік шекарадан 12074 адам өтсе, соның 2267-сі – жолаушылар. Анықтамасыз өткен 224 жолаушының төртеуінен індет табылды. Халықаралық жүк тасымалдаумен айналысатын 4022 жүргізушінің 1844-інде анықтама болмаған. Солардың ішінен 17-сінің коронавирус жұқтырғаны анықталды.

Облыс бойынша COVID-19 жұқтырғандар саны 7527-ге жетіп, соның 6961-і сауығып шықты. 128 адам көз жұмды.

Өңірде мониторингтік топтар өз қызметін жалғастыруда. Қараша айында 52 нысанның санитарлық талапты бұзғаны анықталды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес 80 хаттама толтырылып, 4 млн астам теңге айыппұл салынды.

«Облыста 10 қарашадан бастап карантиндік шектеу шаралары қатаңдатылғаны мәлім. Түнгі сағат 23.00-ден бастап таңғы 06.00-ге дейін көліктердің қозғалысына шектеу қойылуы, сенбі, жексенбі күндері санитарлық посттардың жұмыс істеуі және қоғамдық көліктердің тоқтатылуы сияқты шаралар қазіргі тұрақсыз жағдайға байланысты қолға алынды. Эпидемиологиялық ахуалдың оңалуы үшін тұрғындар санитарлық талаптарды сақтап, маска киіп, арақашықтықты ұмытпай, көпшілік жиналған жерлерге бармауы керек», деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ла 20 мұғалімнің коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар