БҚО-да карантин режимін бұзған тұрғын ұсталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында карантин режимін бұзып, басқа ауданға кетіп қалған тұрғын қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Теректі ауданы Ақжайық ауылының тұрғыны ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 476-бабы 2-тармағына (төтенше жағдай талабын бұзу) сәйкес айыпты деп танылды.

Теректі аудандық №2 сотының қаулысымен ол 15 тәулікке әкімшілік қамуға алынды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Сот талқысында анықталғанындай, аталған тұрғын үйіне 26 наурыз күні Ақмола облысынан келген.

Келесі күні аудандық аурухана қызметкерлері коронавирус індетінің таралу қаупіне байланысты үйінен шықпау, карантин талаптарын сақтау керектігін түсіндірген. Алайда мұны құлағына ілмеген тұрғын 29 наурыз күні басқа ауданға кетіп қалған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да төтенше жағдай талабын бұзған ақтөбелік жүргізушінің қамауға алынғанын, Оралда 9 қабатты үйдің төбесінде арба сүйреген адамның серуендегенін және өңірде шектеу шаралары енгізілгеннен бері 88 адамның жауапқа тартылғанын жазған болатынбыз.






Соңғы жаңалықтар