БҚО-да бір аптада коронавирус жұқтырғандар саны 1 мыңнан асты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бір аптада коронавирус жұқтырғандар саны 1 мыңнан асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, соңғы тәулікте 237, бір аптада 1009 адамнан індет анықталды.

Осы кезге дейін облыста 17507 адам сырқаттанса, соның 13920-сы жазылып шықты. 266 адам көз жұмды.

Пневмониямен ауырған 482 адам стационарлық, 44-і амбулаторлық ем қабылдауда.

Инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына 7, инвазивті емес құрылғыға 2, оттегі концентраторына 33, 135 адам орталықтандырылған оттегі көзіне қосылған.

Бұған дейін 810 төсектік 10 инфекциялық стационар болса, қазір 1010 төсектік 11 ауруханада 627 адам емделуде. Стационарлар 62,1 пайызға толған.

Соның ішінде 33 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Бұлардың үшеуі – 50-ге дейінгілер, алтауы – 50-60, 17-сі – 60-80 жас аралығындағылар, жетеуі – сексеннен асқандар. 28-інің созылмалы дерті бар, 21-і жүрек-қан тамырлары ауруларына, жетеуі қант диабетіне шалдыққан.

Оған қоса 4 карантиндік стационарда 17 адам ем алуда.

Резерв ретінде 1552 төсек-орын (787-сі инфекциялық, 765-і карантиндік) әзірленді.

Қазіргі уақытта науқастар ауруханаларға ауыр және аса ауыр халде түсіп жатыр.

Жыл басынан бері ковидтен 96, соның ішінде қаңтарда – 28, ақпанда – 15, наурызда – 30, сәуірде 23 адам қайтыс болды. Олардың 52-сі – әйелдер, 44-і – ер адамдар.

Биыл індет жұқтырған балалар саны 599-ға жетті.


Соңғы жаңалықтар