БҚО-да автобус жүргізушілері үш күнде 271 рет жол ережесін бұзған

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы аясында үш күнде автобус жүргізушілерінің 271 құқықбұзушылыққа жол бергені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, соның ішінде 56 жүргізуші бұрылу ережесін бұзған.

Жеті жүргізуші жылдамдықты шектен тыс арттырса, 11-і техникалық байқаудан өтпеген.

Сонымен қатар автобус парктерінің лауазымды қызметкерлері де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жүргізушілер арасында тәртіпті нығайту мақсатында 20-22 қаңтар аралығында республика аумағында өткізілген «Автобус» іс-шарасы кезінде жергілікті орындарда бірлескен мобильді топтар құрылып, жұмыс істеді.

Рейдтік тексерулер барысында жолаушыларды жасырын тасымалдаумен айналысқан 7 жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 463-бабына сәйкес хаттама толтырылды.

Өрескел дерек Орал қаласында тіркеліп, бір бағытта жүретін екі автобус жүргізушісінің көлікті мас күйінде айдағаны анықталды. Абырой болғанда, бұдан ешкім зардап шеккен жоқ. Оларға әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылып, автокөліктер арнайы тұраққа қойылды.

Барлығы 150-ден астам автобустың жылыту жүйесі, электр жабдықтары және басқа техникалық жай-күйі тексерілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автобус жүргізушілерінің есірткіге елтіген күйінде рульге отырғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар