БҚО-да ауруханаға жүгінген ауыл тұрғынынан коронавирус табылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ауруханаға жүгінген ауыл тұрғынынан коронавирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО әкімдігі мәлім еткеніндей, соңғы анықталған 10 науқастың төртеуі – Ресейде жұмыс істейтін Түркістан облысының тұрғындары.

Олар Ресеймен шектесетін «Сырым» автоөткелінен өткеннен кейін денсаулықтарына шағымы болмағанмен, жедел жәрдеммен карантиндік стационарға жатқызылған.

Бес адам – бұрын коронавируспен ауырғандармен байланыста болған облыс тұрғындары.

Тағы бір адам – Сырым ауданының тұрғыны. Ол дене қызуының көтерілуіне байланысты аудандық аурухана қызметіне жүгінген. Дәрігер пациентті қабылдап, зертханалық сынама алған.

Науқаспен қарым-қатынаста болғандар бақылауға алынды.

Эпидемиологиялық шаралар жүргізіліп, тұрғынның ауруды қайдан жұқтырғаны анықталу үстінде. Барша тұрғындар жеке гигиеналық талаптар мен карантиндік шектеу шараларын сақтауы керек.

«Эпидтергеу қорытындысы бойынша ауданның карантинге қойылу-қойылмауы белгілі болады», деп хабарлады БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті.

Облыста кезең-кезеңмен карантин шаралары жеңілдетіліп жатқанымен, індет қаупі сейілмей тұр. Күні бүгінге дейін барлығы 339 адам коронавирусқа шалдықса, соның 180-і

жазылып шықты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырған 4 науқастың ауыр халде екендігін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар