БҚО-да 53 мыңнан астам адам жұмыспен қамту іс-шараларына тартылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 53 мыңнан астам адам жұмыспен қамту іс-шараларына тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Исатай Мыңбаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, коронавирустық індетке байланысты халықты жұмыспен қамтудың маңызы арта түсуде.

Карантиндік режим енгізілгеннен кейін көптеген мекеме мен өндіріс орындары уақытша жабылып, бұл тұрғындардың жұмысы мен табысынан айырылуына әкеп соқты.

Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет жедел іс-шаралар қабылдап, соның бірқатары жұмыспен қамту мәселесіне қатысты жүзеге асырылуда.

И.Мыңбаевтың айтуынша, 53 мыңнан астам адам мемлекеттік бағдарламалар аясындағы іс-шараларға тартылды. Атап айтқанда, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 29,6 мың, Жұмыспен қамтудың жол картасына сәйкес 7,9 мың және өзге бағдарламалар бойынша 15,8 мың адам қамтылды.

«Еңбек» бағдарламасы үш бағыт бойынша жүзеге асырылуда.

Бірінші бағыт - техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету.

БҚО бойынша биыл техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды дайындауға 800 адамды қабылдау керек болса, 1 қыркүйектен бастап 762 адам оқу орындарына орналастырылды. Олар оқуды төлеу, бір рет ыстық тамақ, стипендия беру, жол жүру ақысын өтеу бойынша мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етілді.

Сол секілді 20 желтоқсанға дейін 340 адам қысқа мерзімді курстарға жіберіліп, соның 294-і тәмамдап шықты. Солардың ішінен 209-ы немесе 71 пайызы жұмысқа орналастырылды.

Қазіргі уақытта қысқа мерзімді оқыту тек жұмыс берушілердің өтінімдері мен еңбек нарығындағы қажеттіліктерге сәйкес жүргізіледі.

Екінші бағыт – азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларына жәрдемдесу.

Биыл 1113 адам 4,4 млрд теңгені құрайтын жеңілдетілген шағын несие алды. Бұл – жылдық жоспардың 106,7 пайызы. Соның ішінде 198-і – өз жұмысын жаңадан бастаған кәсіпкерлер, 60-ы – аз қамтылған отбасылар.

Сондай-ақ бағдарламаға қатысушыларға жергілікті және республикалық бюджеттен 1,1 млрд теңге мемлекеттік грант беру көзделген болатын. Барлығы 2025 грант беріліп, жылдық жоспар толықтай орындалды. Грант алғандардың 708-і немесе 35 пайызы – аз қамтылған және көп балалы отбасы мүшелері.

Үшінші бағыт жұмыссыздарды субсидияланатын жұмыс орнына орналастыру болса, бұған 11 мың адам (әлеуметтік жұмыс орындарына – 832, жастар тәжірибесіне – 1869, қоғамдық жұмыстарға – 8327) жіберіліп, жылдық жоспар 120 пайызға орындалды.

-Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру арқылы қосымша жұмыс орындарын құруға бағытталған дағдарысқа қарсы жаңа бағдарлама болып табылады. Бұл бағытта облыс бойынша жүзеге асыру үшін таңдалған 172 инфрақұрылымдық жобаға 35,5 млрд теңге қарастырылды. Соның ішінде әлеуметтік салаға – 67, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа – 17, инженерлік және көлік инфрақұрылымына – 55, елді мекендерді абаттандыруға 33 жоба бағытталды. Күні бүгін 172 жоба бойынша 7866 адам жұмыс тапты, бұл – жоспардың 90 пайызы, - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда электронды еңбек биржасы порталы жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер тиімді болып тұр. Осы порталда 12 мың жұмыс беруші мен сонша жұмыс іздеуші тіркелген. Күні бүгін 4,7 мың бос жұмыс орны өзекті болып тұр, осы алаң арқылы биыл 2,8 мың жұмыссыз өз орнын тапты.

Жыл басынан бері экономика саласында 18,5 мың жаңа жұмыс орны ашылса, соның 10 мыңдайы тұрақты болып табылады.

Азаматтар жұмыспен қамту орталықтарына жиі жүгінеді. Соның нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалар мен басқа да жұмыс орындарына орналасу көрсеткіші 13 есеге артып отыр.

«Ресми жұмыссыз ретінде тіркелген 6 мың адам мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан арнайы төлемдер алуда. Сондай-ақ коронавирусқа қатысты шектеулер салдарынан табыссыз қалған 251,1 мың адамға төтенше жағдай кезінде 10,6 млрд теңге, ал шілде-тамыз айларында 77,8 мың адамға 3,3 млрд теңге төленді», деді И.Мыңбаев.


Соңғы жаңалықтар