БҚО-да 3 млн дана масканы Мәскеуге апара жатқандар ұсталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 3,1 млн астам дана масканы Мәскеуге апара жатқандар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің БҚО бойынша департаментінен подполковник Асқар Қазбековтің мәлім еткеніндей, оқиға 18 сәуірде «Сырым» өткізу бекетінде орын алды.

БҚО бойынша экономикалық тергеу департаментімен бірлесе жүргізілген «Курьер» шарасы барысында медициналық масканы әкетудің төрт дерегі тіркелді.

Сағат 01.30-да шекарашылар қазақстандық азамат айдап келе жатқан «РЕНО» жүк көлігін арнайы техникалық құралдардың көмегімен тексерген кезде халық тұтынатын тауарлар ретінде жасырылған 324 қорап табылды. Қораптарды ашқан кезде 1,646 млн бір рет қолданылатын медициналық маска шықты.

Сол секілді қырғызстандық азамат жүргізген «VOLVO» автокөлігін тексергенде, 229 қорап табылды. Мұнда 1,462 млн дана бір рет қолданылатын медициналық маска жасырылған болып шықты.

Қазақстандық азамат айдаған «VOLVO» автокөлігінен 18 қораптан 48 мың дана маска табылды.

Тағы бір «VOLVO» автокөлігінен (жүргізушісі – Қазақстан азаматы) 5 қораптан 9726 дана маска шықты.

Бұл көліктердің бәрі де Алматыдан Мәскеуге бара жатқан.

Барлығы 3 165 726 дана медициналық масканың құны шамамен 380 млн теңгені құрайды.

Құжаттар рәсімделгеннен кейін жүк БҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті қызметкерлеріне берілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 464 мың масканы Мәскеуге әкетіп бара жатқан жүргізушінің ұсталғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар